Арыста 65 адам емханадан үйлеріне оралды

10.07.2019 15:41

Арыстағы 4000 баланы әр аймақтағы жазғы лагерлерге жіберу жоспарланып отыр

Zakon.kz

Арыста 65 адам емханадан үйлеріне оралды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Әкімдіктегілердің мәліметінше, 4 сектор штабында Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары бойынша  брифинг болып өтті. Оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-минстрі Қайырбек Өскенбаев, облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков, Қорғаныс минстрлігінің өкілі Қайыргелді Хусайынов, Облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Пашимов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай қатысты. Облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков қала тұрғындарына түсіндерме жұмыстарын жүргізу үшін 800-ге жуық белсенді тартылып, жұмыс атқарып жатқанын мәлімдеді.

«Арыс қаласы тұрғындарының игілігі үшін алдағы уақытта да ауқымды жұмыстар атқарылады. Осы аптаның аяғында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі екінші рет өткізіліп, қала тұрғындары азық-түлік, көкөніс, ет өнімдерін арзандатылған бағада ала алады. Сонымен қатар Арыс қаласының зейнеткерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында «Мейір» ардагерлер үйі мен «Ардагерлер үйіне» 800 ардагерді демалысқа жіберу көзделіп, бүгінгі таңға дейін 400 ардагер аталмыш орындарға аттанды. 4000 баланы республикамыздың әр аймағындағы жазғы лагерлерге жіберу жоспарланып, қазіргі күнге дейін 1395 бала жазғы сауықтыру лагерлеріне жіберілді», – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.

ҚР Қорғаныс минстрлігінің өкілі Қайыргелді Хусайынов қазіргі таңда Арыс қаласынан 20 шақырым жердегі аумақтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, қойма да тазаланатынын жеткізді.

Ал облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Пашимов апат салдарынан ауруханаға түскен 65 науқастың толықтай жазылып, үйлеріне оралғанын, бүгінгі таңда Арыс қаласының 3 тұрғыны ем алып жатқанын, барлығының жағдайлары қалыпты екенін айтты.