|
03.06.2019 | 17:20
9363

Алматыда жыл соңына дейін 600-ден астам аула жөндеуден өтеді

Соңғы 3 жылда Алматыда 1500 аула абаттандырылып, 700 мың тұрғыны көрікті аулаға қол жеткізген

Алматыда жыл соңына дейін 600-ден астам аула жөндеуден өтеді Akimat Almaty

Аулалардың әрқайсына заманауи ойын алаңдары салынып, жаңа асфальт төселеді. Сонымен қатар, орындықтар мен жарық шамдар қойылмақ. Қала әкімі жұмыс сапары барысында Әуезов ауданында жаңартылған ауланы өзі аралап шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әткеншектер мен сырғанақтардың тоз-тозы шыққан Әуезов ауданының аулаларының кейпі бұрын адам көргісіз болатын дейді тұрғындар. Ал қазір соның барлығы жаңартылып, балалар ойнайтын алаңқай, арнайы футбол алаңына дейін салыныпты. Тіпті мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау камераларына дейін орнатылған.  

«Мен өзім осындай аулада өстім, енді қазіргі алға қойған міндетім – қарапайым тұрғындарға жақсы жағдай жасау. Екі жыл ішінде біз балалардың сыртта ойнауы, ересек жандардың серуендеуі үшін Алматының барлық аулаларын 100% жөндейміз. Сонда ғана әр адамда «менің аулам», «менің қалам» деген мақтаныш сезімі пайда болады. «Қала адамдар үшін» концепциясының басты мәні осында», – дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Айта кету керек, Алматыда соңғы үш жылда 1500 аула абаттандырылып, соның нәтижесінде  қаланың 700 мың тұрғыны көрікті аулаға қол жеткізді. Енді жыл соңына дейін тағы 600-ден астам аула жаңартылмақ.  

«Балаларға қатты ұнап жатыр. Керемет болды. Бұрын қандай еді? Тозып кеткен әткеншектерге балаларымызды отырғызуға қорқатынбыз. Қазір шүкір, немерем екеуіміз осы жерден шықпайтын болдық. Енді барлық аулаларды осылай жасаса екен», – дейді немересін ойнатып жүрген әжей.

Ал келесі бір аула тұрғыны болса, бұрынғы әткеншектердің балаларға қауіпті болғанын, қазір олардың сапалы етіп жасалғанын айтып, жөндеу жүргізген әкімдікке ризалық білдірді.

Қазіргі таңда қаланың 14 шағын ауданындағы 456 көшеде жол жаңадан салынып, 140-тан астам көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаланың шет аймақтарындағы бірқатар саябақ, гүлзарлар мен жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар қайта жөнделеді. Бұдан өзге, қала кеңістігінің қауіпсіздігі үшін 120-дан астам көшеге LED шамдары орнатылады.

Перизат Көмекбайқызы, Алтыншаш Смағұлова, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

Прямой эфир