Алматының ауруханаларына 20 мың тоннадан астам қажетті азық-түлік таратылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Игі іс қалалық мәслихат депутаттарының бастамасымен жүзеге асты. Қиын-қыстау кезеңде мұндай көмек көрсету үшін депутаттар өз қалталарынан 35 миллион теңге шығарған. Азық-түлік себетіне ұн, сиыр және тауық еті, қант пен май кіреді.
«Осы күрделі жағдайда қаламызда мәслихат депутаттары бірігіп, біздің қалалық ауруханаларға азық-түлікпен көмек көрсетілуде. Жалпы 10 ауруханаға көмек көрсетілуде», – деді қалалық мәслихат хатшысы Станислав Канкуров.
Игі бастамаға басқа да бірлескен ұйымдардан бөлек, дін өкілдері де білек сыбана атсалысты. Олар қайырымдылықтан жиналған қаражатқа қажетті азық-түлік себетін, басқа да тұрмыстық заттарды алып, көпбалалы отбасылырға үлестіріп берді. Сонымен қатар азық-түлікті бүгін медицина мамандарына да таратып берген болатын.
«Алматыдағы төтенше жағдай кезінде бірқатар қиындықтар туып отыр. Осыған орай Алматы мешіттері жамағаты бұған бей-жай қарамай, медициа қызметкерлеріне азық-түлік таратып берді. Алдағы күндері де жалғасын табады», – деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.