Балалар әдебиетінің классигі Қастек Баянбай қайтыс болды

03.06.2021 15:43

Ол 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті

Балалар жазушысы, ақын Қастек Баянбай қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы журналист Құрманжан Қасымжан Facebook парақшасында жазды.

«Балалар әдебиетінің атасы Қастек Баянбай өмірден қайтыпты, иманды болсын», – деді Қ.Қасымжан

Қастек Баянбай  1936 жылы 15 қарашада Алматы облысы Алакөл ауданы Талдыбұлақ елдімекенінде дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған. 1960 жылдан бастап Алакөл аудандық, 1965 жылдан бастап Алматы облыстық газет редакцияларында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген. 1971-1995 жылдары «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, «Жалын» баспасында Бас редактор қызметтерін атқарған.

Балаларға арналған «Арғымақ» атты алғашқы жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. Өлеңдері бастауыш сынып оқулықтарына, көмекші құралдарға еніп, кейбіріне әндер жазылған, ертегілері бойынша мультфильмдер түсірілген, орыс, украин, белорус, өзбек, болгар, молдован, түрікмен, әзірбайжан, литван және басқа тілдерге аударылған.

1986 жылы «Тәтті сабақ» жинағына I.Жансүгіров атындағы сыйлық берілген. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне Құрмет Грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2005) марапатталған.