Төтенше жағдай орын ала салысымен көпшілік қан орталықтарына барып қан тапсыруға асықты
Қапыдан болған апат қалың елдің де қабырғасын қайыстырып, көңілдерін құлазытып тастады. Бұл – адамы қаза болған отбасылардың ғана емес, бүкіл қазақтың қайғысы. Ғаламтор мен бұқаралық ақпараттық құралдарында көрсетілген видеолар адам жанын түршіктіргені рас. Ал, әлеуметтік желілерде мұқым ел көңіл айтып, қайғыларына ортақ екендерін жаппай жазып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тіпті, кеше төтенше жағдай орын ала салысымен көпшілік қан орталықтарына барып қан тапсыруға асыққаны ел басына күн туғанда халықтың қарап жатпайтынын білдірді. Қуанышта да, қиындықта да біріге қалатын қазақ жұрты қолдан келген көмектерін аяп жатқан жоқ. Ал, кейбіреулері мешітке барып, құран бағыштатып дұға жасап жатыр екен.
«Кешегі апаттан қайтыс болғандардың ата-аналарына, ағайын-туысқандарына көңіл айтамын. Қаза тапқан адамдардың иманын берсін. Қалғандарының денсаулығы жақсы болып, Құдай тілеуімізді беріп, аман болсын. Мешіттерге барып, дұға тілеп жатырмыз, тілектеспіз енді», - деді бірі.
«Кешегі әуе апатынан қайтыс болған жандардың барлығына көңіл айтамын. Иманды болсын, ешкімге ешқашан мұндай жамандық тілемейміз. Апат қайталанбаса дейміз. Қайғыларыңызға ортақпыз», - деді келесі бірі.
«Құрметті азаматтар! Болған апатқа байланысты қайғырып, көңіл айтамыз. Бұл – жүрекке жара салған оқиға болды. Елімізде мұндай қайғы ешқашан қайталанбасын. Еліміз аман, бірлігі бекем болсын. Әуе компаниялары адамдар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етсін. Кеше өзім де көппен бірге барып, қан тапсырдым. Біздің өмірімізді жақсартуға тырысып жүрген барша азаматтарды қолдаймын», - деді тағы бір көңіл білдіруші.
«Қаза тапқандардың жатқан жерлері жайлы болсын! Отбасына қайғырып көңіл айтамын. Аман қалғандардың отбасына амандық, дендеріне саулық берсін. Бүткіл қазақ жұрты қайғыруда», - деді тағы бірі.