Оралда 3 айдан бері жәрдемақы алмаған зағиптар салаға жауапты шенеуніктің көзін байлап тастады

Оралда 3 айдан бері жәрдемақы алмаған зағиптар салаға жауапты шенеуніктің көзін байлап тастады
Олар осылайша өздерінің мүшкіл халін көрсетпекші болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мүгедектердің жеке көмекшілері болса былтырдан бері тиесілі жалақыларын толықтай алмағанын айтады. Бұл аздай қаңтар айында да жалақысыз қалыпты. Амалы таусылған зағиптар енді қала әкімінен заңды митинг өткізуге рұқсат беруін сұрады, деп хабарлайды Stan.kz.

Мүгедек жандар Орал әкімімен кездесуге тыңғылықты дайындалған көрінеді. Алдымен бір-бірін жетелеп жүріп, түгендеп алды да, талаптары көрсетілген арызға түртінектеп қол қойды. Бірақ олардың шенеуніктермен бірден тіл табысу оңайға түспеді. Ақыры жұмыспен қамту бөлімі басшысына наразылықтарын көрсету мақсатындаоның  көзін орамалмен байлап тастады.

Жеке көмекшінің қызметін 400-дей оралдық мүгедек пайдаланады. Көмекшілері – өздерінің жақын туысы немесе жұбайы. Әйтпесе, көзі көрмейтін жанның қасынан күндіз-түні табылып, жетелеп жүру мүмкін емес. Мемлекет сол қызметтің әр сағатын 360 теңгеге бағалап, 3-4 сағатына ғана ақы төлейді екен. Бірақ олар сол ақшаның өзін ала алмай жүрміз дейді.

«2018 жылы желтоқсан, қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір... Бес айдың ақшасын алған жоқпыз. Сотқа бердік», - деді І топ мүгедегі Есенғали Өтегенов.

Ашуға булыққа зағип азаматтар жалақы мәселесін шеше алмаған жауапты шенеуніктерді соттап, жалақыны түгел төлеуді талап етуде. Екі сағатқа созылған кездесуде екі тарап ортақ бітімге ақыры келді.

«Ақпан мен наурыздың ішінде бізге осы қаңтардың қарызы төленетін болды. Сағаттарымызды кішкене көбейтеді. Сосын соны қалай болса да, сотқа жеткізбей төлейтін болды», - жеке көмекші Зәуреш Шатикова.

«Атқарылған жұмыстар актісі болады. Сол акті бойынша олар дәлелдеп шығуы керек ол кісіні жетектеп, өздерінің жасап жатқан қызметтерін дәлелдеуі керек. Содан кейін 8 сағатқа дейін төлеу мәселесі тұр. Ол енді әрбір жеке көмекшімен жеке-жеке шешілуі керек, жалпылама емес. Сондықтан біз олардың әрқайсысын  жеке шақырып, жұмыс істейміз», – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерлан Галеев.

Осы жылдан бастап, мүгедектерге қызмет көрсету жүйесіне өзгертулер енгізілген. Яғни, әлеуметтік портал арқылы зағиптар өзіне ұнаған қызмет көрсетушіні өзі таңдайды. Алдағы уақытта мүгедектер ақпан айында рұқсат етілген митинг өткіземіз дейді. Бірақ жергілікті әкімдіктің бұған айтары жоқ.


Новости партнеров