Орталық толық жұмыс істеуі үшін екі насос жөнделеді
Риддер Жылу Электр Орталығы (ЖЭО) коммуналдық меншікке қайтарылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов апат салдарынан жұртшылықты жылусыз қалдырған кәсіпорынды қала теңгеріміне өткізу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Өңір басшысының сөзінше, қазір электр стансасында екінші қазандық жұмыс істеп тұр. Кеше бірінші қазандық іске қосылып, отын салына бастапты. Ал апат кезінде мамандар алтыншы қазандықтан ақау тапқан. Жағдайға байланысты дәнекерлеу және жөндеу жұмыстары қолға алынды. ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддердегі жылу электр орталығы толықтай жұмыс істеуі үшін 9 қарашаға дейін екі насос жөнделеді.
«Қазіргі жағдайға келсек, қазандықтар іске қосылып жатыр. №2 төмен қысымды қазандық жұмыс істеп тұр. Барлығы 3 қазандықты жағуымыз керек. Неліктен мұндай төтенше жағдай болды деп бәрі таңырқап жатыр. Бұл жерде бір ғана жауап бар – орталық иелері жөндеу жұмыстарын дұрыс жүргізбеген. Кімнің кінәлі екенін білеміз. Бірақ қазір алдымызда орталықтың жұмысын қалыпқа келтіру міндеті тұр», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Еске салсақ, 23 қазанда Риддердегі жылу электр орталығында ақау шығып, халық жылусыз қалған болатын.