11 мың шақырым жол мен жаңа вагондар: туристік маусымға дайындық пысықталды

Министр Ербол Мырзабосынов аталған сектор ел экономикасына 5 триллион теңге үлес қосқанын жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Туризм саласынан мемлекетке 630 миллиард теңгеден астам салық түскен. Үкімет туристік кезеңге дайындықты пысықтады. Министр Ербол Мырзабосынов аталған сектор ел экономикасына 5 триллион теңге үлес қосқанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның сөзінше, шетелден келген саяхатшылар 2,9 миллиард доллар қаражат жұмсаған. Ведомство басшысы саланың өсуіне ықпал ететін медициналық туризм туралы да айтты. Былтыр шамамен 80 мың шетелдік елімізге ем іздеп келген. Одан бөлек, бұл бағытқа тартылған инвестиция көлемі былтырмен салыстырғанда 33 пайыз артып, 1,3 триллион теңгеге жеткен.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,3 триллион теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі 25 қонақүй пайдалануға беріледі», – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Елде туризмді дамыту үшін көлік инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев биыл 11 мың шақырым жолда жөндеу жүргізіліп жатқанын айтты. Оның ішінде Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсайға апаратын бағыттар да бар. Сонымен қатар 1 шілдеге дейін Көкшетау, Бурабай, Қонаев, Балқаш және өзге де қалалардағы вокзалдарды қайта жөндеу жұмыстары аяқталады. Министр 191 вагон сатып алып, 15 қосымша маршрутты іске қоспақ. Ол өз сөзінде авиация туралы да айтты.

«Ішкі әуе рейстері өңірлер арасындағы байланысты нығайту үшін өте маңызды. Жазғы маусымда негізгі туристік аймақтар Алакөлге, Балқашқа, Түркістанға, Бурабайға және Каспий теңізіне субсидияланатын авиа маршруттар бойынша рейстер орындалуда. Жазғы кезеңде аталған бағыттар бойынша аптасына 45 рейс ұшуда», – деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов экотуризмді дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді

Новости партнеров