Жамбыл облысы Қордай аудандық соты сәуір айында 11 адам қаза тауып, 32 адам жараланған жол апатына қатысты үкім шығарды. Автобус жүргізушісін кінәлі деп тауып, бес жылға соттап, жеті жыл көлік жүргізу құқығынан айырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, өкінетінін айтқан. Шешім шығарар кезде оның осыған дейін сотты болмағаны да ескерілген. Зардап шеккендерге автобус жүргізушісі өтемақы төлеп берген. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, ірі жол апаты 20-ыншы сәуір таңертең Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолында болған. Жүк көлігі мен жеңіл көліктің соқтығысуы салдарынан артта келе жатқан автобус күрт бұрылып, аударылып кеткен. Нәтижесінде 11 адам мерт болып, көбі түрлі деңгейде жарақаттар алған. 44 жасар көлік жүргізушісі бірден қамауға алынған. Жол апатынан қаза тапқандардың арасында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары болған.