Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы, драматург Әкім Тарази 88 жаста. Жазушының жары, өмірілік серігі жазушы Роза Мұқанова фейсбук әлеуметтік желісінде ерекше құттықтап, әсерлі жазба қалдырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Күн тамылжып тұр. Бүгін күзгі жауын да сұрғылт бұлт та жоқ, аспан шайдай ашық. Табиғаттың бой түзеп ала қоярын білгенмін.
Себебі... ӘКІМ ТАРАЗИ - 88. Қандай әдемі үйлесім, КӨКӨ!!!
9 айдың 9 күнінде шексіздіктің қос таңбасы тең түсіп төбеңізге қонған екен. Құтты болсын!
Құттықтаудың көшін кеше ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев бастап берді.
Әкім ағаларың: «Әшімовке Әшімбаевтан» бұл да әдемі үйлесім деп жымиып қойды.
Жарқырап, жайнай бер, ЖАРЫҒЫМ!» – деп жазды жазушы-драматург Роза Мұқанова.
Айта кетейік, бүгін – жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әкім Таразидің туған күні.
Әкім Тарази – 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген.
Жазушының үздік кинотуындылары қазақ киносының алтын қорына еніп, бірқатар драматургиялық шығармалары қазақ театрларында сахналанды.
Сондай-ақ, Таразидің бірқатар кітаптары орыс, қытай, поляк, болгар, ағылшын тілдеріне аударылған.