Ернар Құрмашев Қазақстан ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ол 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бастығы лауазымын атқарды. Ол мегаполистің креативті экономикасын дамыту стратегиясын әзірлеу және іске асыру үшін жауап берді.
«Қазақстандық кинематография мен анимацияның болашағы зор деп санаймын. Олар локомотив сияқты бүкіл елдің креативті экономикасының қозғаушысы болып табылады. Кино, әдебиет, сурет, музыка, сән, заманауи, орындаушылық және қолөнер сынды өнер салаларын біріктіреді. Отандық кино және анимация салаларының дамуы ІТ саласына оң әсер етеді. Мен өзімнің барлық тәжірибемді сапалы, қызықты жобаларды құру үшін қолданатын боламын», – деді Ернар Құрмашев.
Ернар Құрмашев 1984 жылы 18 желтоқсанда дүниеге келді. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ бітіріп, New York Film Academy киноакадемиясында тағылымдамадан өтті.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2019 жылдың 15 наурызында құрылды. Оның негізгі міндеттері – ұлттық мүддеге сәйкес келетін киножобаларды қаржыландыру және мониторинг жүргізу, отандық кинематографияны қолдау, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және кино саласына инвестициялар тарту.