Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты
Биыл ел тұрғындарын таза ауыз сумен қамтуға 215 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін көрсеткіштері төмен және көш соңында қалған өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді. Осы жылы бұл мақсаттарға нақтылауды ескере отырып, республикалық бюджеттен 215 млрд теңге көзделген. Оның ішінде қалаларда – 120 млрд теңге және ауылдық елді мекендерде – 95 млрд теңге. Бұл жыл қорытындысында қала халқының 98,5 пайызын, ал ауыл халқының 94,7 пайызын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді министр.
Қайырбек Өскенбаевтың дерегінше, еліміз бойынша барлығы 6 302 ауылдық елдімекен бар, оның ішінде 4 759-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған.
«Аталған қызмет түрімен қамтамасыз етілмеген ауылдардың 511-інде орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтау жөніндегі құрылыс жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Ал халық саны аз бір мыңнан астам ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модульдер орнатылады. Оның ішінде осы жылы 120 ауылдың тұрғындарын орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету және халық саны аз 220 ауылда кешенді блок-модуль орнату жоспарланған», – деді ол.
Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, кейбір топтық су өткізгіштердің құрылысы жылдар бойы аяқталмай жатқаны жасырын емес. Дегенмен, қазір жағдай біршама жақсарып келеді. Құрылысы ұзаққа созылған 10 жобаның қазір 7-еуі пайдалануға берілді. Қалған 3 жоба биыл іске қосылады. Мұндай проблемалардың орын алуының басты себебі - негізінен жобалық құжаттаманың сапасыз дайындалуы. Соның кесірінен жоба құны бірнеше есе қымбаттап кетеді де тапсырыс берушілер мен мердігер компаниялар арасында келіспеушілік орын алады.