Енді мына капсуланы 30 жылдан кейін ашқанда әрине көп жағдай өзгереді - Н. Назарбаев
Еліміздің Тұңғыш Президенті - Нұрсұлтан Назарбаев келешек ұрпаққа арналған «уақыт капсуласын» салды. Елбасы Алматыда капсуланың ішіндегі үндеуді 30 жылдан кейін, яғни, 2049 жылы оқуды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Уақыт капсуласы» табиғи тастан жасалған. Оның сырты сақтар заманындағы суреттермен, аң стилімен бедерленген. Көне сақтар мен түріктер тасқа ақпарат таситын киелі материал ретінде қараған. 2050 жылы Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіретінін зор сеніммен айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы, бастысы – Қазақстан мен қазақ ұлтының өз жерінде өсіп-өркендеуі маңызды екенін алға тартты.
«Осы нәтижеге жеткеніміз – ел бірлігі мен ел үмітінің арқасы. Енді мына капсуланы 30 жылдан кейін ашқанда, әрине, көп жағдай өзгереді. Әлем өзгереді. Бірақ Қазақстан мен қазақ өз орнында қалады. 2050 жылы Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына енеді. Сонда осы капсуланы ашып көріп, менің үндеуімді оқитын боласыздар. Келер ұрпақ біз сияқты ел игілігіне жұмыс істесін деген оймен осы капсуланы салайық», – деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.