Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жастарды еріксіз ұстап алып, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіп жатқан бейнематериалдар таратылуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Қорғаныс министрлгінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі жылына екі рет (көктемгі және күзгі әскерге шақыру) жүзеге асырылатын әскери қызметке шақырудың қолданыстағы тәртібін түсіндірді.
- Шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы келмеу фактілері байқалады.
Сонымен қатар, әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар туындайды. Өйткені олардың көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайды. Ал қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шақыру қағазын әскерге шақырылушының жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған кезде оның келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі, - дейді ҚР Қарулы күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Руслан Омаров.
Оның сөзінше, рейд кезінде кейбір азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатады. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуді жүзеге асыруға құқылы.
- Шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйіне жібереді. Ал шақыруға негіз болса, медициналық комиссиядан өтуге және шақыру шеңберіндегі басқа да іс-шараларды өткізуге жібереді, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Оқи отырыңыз: 9 маусымда Алматыда Медеуден Шымбұлаққа дейінгі жол уақытша жабылады