|
20.06.2019 | 20:35
6030

Алматы зообағында Халықаралық пілдерді қорғау күні аталып өтті

Браконьерлер 2006-2011 жылдар аралығында 30 мың пілді қырып салған

Алматы зообағында Халықаралық пілдерді қорғау күні аталып өтті фото Михаила Сорокоумова

Бүгін – халықаралық пілдерді қорғау күні. Ықылым замманнан біздің кезімізге дейін олардың үш түрі жеткен: африкалық, үндістандық және азиялық пілдер.

Браконьерлердің піл сүйегіне қызығып оларды аулауы 2006 жылдары сәнге айналды. Сол уақыттан бері 30 мыңнан аса пілдің көзі жойылыпты. Алайда, қазір 25-тен астам мемлекет оларға қолданар жазаны күшейткен. «Алматы» телеарнасының тілшілері қала зообағындағы пілдерге барып, меншікті мерекелерімен құттықтап қайтты.

Хайуанаттар бағындағы көпшіліктің сүйіктісіне айналған 21 жастағы Аружан есімді пілді Алматыға 2000 жылы Лаостан алып келген. Аналық пілдер ешқашан өз отбасынан ажырамайды. Тек өлгенде немесе адамдар ұстап алғанда ғана бөлінуі мүмкін. Ал аталықтары 12 жасқа таяғанда үйірінен бөлініп шығады екен.

Алматы зообағын әзірге 2 піл мекен етеді. Лоа есімді еркегі қазір қызуқанды күйде. Сол себепті оны бөлек қораға қамап қойған. 80 жылға жуық өмір сүретін бұл жануарлардың рационы жеміс-жидек пен көкөністерге толы. Олар алып денелеріне қарамастан ойынпаз болады.

«Аружанның өзі бір күнде 300 келіге жуық көкөніс жейді, нан, ботқа мен жемді есептемегенде. 4-5 рет тамақтандырамыз. Көп қозғалуы үшін түрлі тренингтер өткіземіз. Олар да бала сияқты. Бізбен ойнағанды жақсы көреді. Назар аударғанды қалайды», - дейді Алматы зообағының қауіпті жануарлар бойынша киппері Григорий БЕРЕСНЕВ.

Денесі үлкен болса да сезімтал саналатын жануардың бұл түрі әлем бойынша құрып кету алдында тұр. Әсіресе қазір Африка пілдерін аулау тыйылмай тұр. 2006 жылы браконьерлердің күрт көбеюінен 2011 жылға дейін 30 мыңнан аса піл өлтірілген. Қазір әлемнің 25 елінде піл сүйегін саудалауға байланысты қолданылатын жаза күшейтілген. Содан болар, браконьерлердің саны да азайыпты.

Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

слоны
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир