Қарағандыда екі аяқ бір қолы жоқ азамат ағаштан түйін түйеді

Қарағандыда екі аяқ бір қолы жоқ азамат ағаштан түйін түйеді
Қазір ол үйінің бір бөлмесін шеберхана етіп, інісіне қамқор болып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысының Осакаровка ауданында ерекше жан тұрады. Оның ерекшелігі сол – өмірге кембағал болып келсе де, еңбек етіп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Оңалхан Тәубаханның туғанынан екі аяғы, бір қолы болмаса да сағы сынып, өмірден түңілген емес. Ал, өзі аяқ-қолы балғадай азаматтардың адал еңбек етуден қашатынына қайран қалады. Қазір ол үйінің бір бөлмесін шеберхана етіп, інісіне қамқор болып отыр.

Оңалхан Тәубахан мына дүниеде бала болып асыр салып жүгірмеді. Доп қуып, ат мініп шаппады. Бірақ ол өзгелерден ерек болып туылса да, Аллаға адам болып жаралғанына алғыс айтудан жалыққан емес. Өзін бақытты санайды.

«Немерелерімнің ортасында ойнап-күліп жүргеніме өте бақыттымын! Әсіресе, көп уақыттымды немерелерімнің арасында өткіземін. Олардың кеңесін, қылығын, жаңағы жүрген жүрісін бәрін тамашалап, оларға қазақтың салт-дәстүрін, ырым-жосығын барлығын үйретіп отырамын. Бақыт деген - бірақ рет берілетін нәрсе. Осы өмірге осы құсап келіп отырғаныма да бақыттымын деп санаймын», – дейді Оңалхан ТӘУБАХАН.

Оңалхан Тәубахан 1972 жылы Моңғолия жерінде көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қазақстанға қоныс аударғанына 20 жылдан асыпты. Оның ерік-жігерінің мықтылығына, тұла бойындағы қажырлы қайратына қайран қаласың. Жүрегі жомарт, мейірімді жан. Ол мүгедекпін деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Әртүрлі жабдықтар жасауды ермегіне айналдырған. Дөңгелек үстелдер, орындықтар тағы басқа заттарды өте әдемі әрі сапалы жасайды. Тапсырыс берушілер бар, бірақ әзірге көбі біле бермейді, дейді.

«Ермек өзіме, уақыт өткізуіме, өзім сүйіп істейтін, қандай іс болса да өзім жақсы көріп істеймін. Құлшына істеймін. Өте әдемі болуы үшін бар өнерімді саламын», – дейді Оңалхан ТӘУБАХАН.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, оның бойында әртүрлі өнер тұнып тұр. Дойбы ойнағанды жақсы көреді. Облыстық, аудандық жарыстардың жеңімпазы. Әртүрлі шараларға да қатысып тұрады екен. Жүзінен жылылықтың нұры ескен Тәубахан «жан жарамды әнмен жазамын» дейді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы

Новости партнеров