Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлер мен қарапайым қала тұрғындарына алғыс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлер мен қарапайым қала тұрғындарына алғыс айтамын. «Жаңа Алатау» қорының арнайы есебіне 257 млн-нан астам демеушілік қаражат түсті. Бүгінде соның 136 млн. теңгесіне көмек көрсетілді. ҰОС және 1-3 топтағы мүгедектерге, аз қамтылған және көпбалалы, сондай-ақ жалғызбасты аналарға 12 мың азық-түлік жиынтығы жеткізілді. Арнайы мектептер, интернаттар мен балалар үйлеріне азық-түлік және залалсыздандыру құралдары берілді» - деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында.
Сонымен қатар, «Алматыда санитарлық қауіпсіздікті сақтау бойынша арнайы дайындықтан өткен 100 ерікті жұмыс істейді. 16 наурыздан бастап шамамен 18 мың өтініш қаралды. Олар мұқтаждарға берілетін азық-түлік жиынтықтарын, дәрі-дәрмектер мен бірінші қажеттіліктегі заттарды өлшеп, орауға, оны жеткізуге көмектеседі. Сондай-ақ ақпараттық-кеңес беру бойынша да қолдау көрсетіледі. Бізді алға жетелейтін үміт пен сенім. Қаламыздың қарапайым тұрғындары сол үміт отын жағып, қиындықты еңсеруге көмектесіп жүр. Бұл фильм қаламыздың еріктілеріне арналады», - деп толықтырды.