Аудан әкімі тікелей эфирде тұрғындары сауалына жауап береді
Бүгін «Алматы» телеарнасындағы «Әкіммен ашық әңгіме» жобасына Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі Кулагин Павел Сергеевич қонаққа келеді. Әкім тікелей эфир арқылы тұрғындардың сауалына жауап береді. Телебағдарлама кешкі сағат 19.30-да басталады.
Айта кетейік, тұрғындар аудан әкіміне қоятын сауалдарын бір аптадан бері телеарнамыздың ресми сайтына жолдап жатыр. Оқырмандар бүгінде сұрақтарға дауыс беруде. Ең көп дауыс жинаған 5 сауал тікелей эфир кезінде әкімге қойылады. Қалғандарына жазбаша жауап берілмек.
Бүгінге дейін келіп түскен 60-қа жуық сауалдан байқағанымыз, Түрксіб ауданының тұрғындарын негізінен жол мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы және көшелерді жарықтандыру секілді мәселелер мазалайды екен.
Десе де, келіп түскен сұрақтардың ішінде ең көп дауысқа ие болғаны – аудандағы Татьяна Стороженко атты тұрғынның сауалы. Оны дене шынықтыру пәні өтетін алаңның жағдайы алаңдатады. Әзірге бұл сұрақ 500-ден астам дауыс жинап, көш бастап тұр. Сонымен қатар, Сауранбаев көшесінің тұрғыны ескі үйде шатырсыз тұрып жатқандарын айтып шағымданған. Бұл сауал 350 дауыс жинап, екінші орынға жайғасқан. Аталған сұрақтарға бүгін кешкі сағат 19:30-да «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде Түрксіб ауданының әкімі Кулагин Павел Сергеевич өзі жауап береді.
Айта кеткен жөн, әкімге сауалды 25 сәуір сағат 15:00-ге дейін жолдауға болады. Үлгермеген жағдайда тікелей эфир кезінде +7 (727) 334 00 24 байланыс нөміріне қоңырау шалып немесе WhatsApp мессенджеріне (+7 777 046-33-33) хабарлама жібере аласыздар.