Қыста қауын-қарбыз сатқан кәсіпкер көпті қызықтырып қойды
Түркістан облысы Жетісай ауданында қыстың күні қауын-қарбыз сатылып жатыр. Кәсіпті жақында ғана қолға алған Бекқали Қалмұратов тауарына сұраныс көп екенін жеткізді. Кәсіпкер қауынды интернет арқылы сатып жатыр, деп жазады «Замана» басылымы.
Бекқали Қалмұратовтың негізгі кәсібі - жұмыртқа сату. Ал қауын-қарбызды ол жуырда ғана сатып бастаған.
Жаңа жыл қарсаңында Өзбекстанға барған ол үйіндегілерге базарлық ретінде қауын алып келген екен. Сөйтіп қарбыздың суретін Instagram парақшасына жүктеген.
Қауынды көрген желі қолданушылары бірден оған қауынды сату жайындағы өтініштер жаза бастаған.
«Қауын алғысы келетіндердің саны артқан соң, Өзбекстанға барып, алып келдім. 50 шақты қауын 10 күнге жетпей өтіп кетті», - деді кәсіпкер.
Қауынның бір данасы екі жарым мың теңгеден басталады екен. Кәсіпкер үстінен көп қоспайтынын, тек жол-пұлдың ақшасын ғана шығаратынын жеткізді.
Қазір ол қауынды Қазақстанның барлық қалаларына жеткізуді қарастырып отыр.