Ол 21 жастағы Орал қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі мәлімет бойынша, ол жүктілігін жасыру үшін Атырауға арнайы келген, деп хабарлайды zakon.kz azh.kz-ге сілтеме жасап.
«Күдікті 17 қаңтарда бейнебақылау камераға түскен бейнежазбалар арқылы табылды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 119-бабының 1-бөлігі «Қауіпті жағдайда қалдыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда", – деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.
Бұл бап 100 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 45 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі жазаны көздейді.
Баланың ендігі тағдырын кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сот шешетін болады.
Айта кетсек, 15 қаңтарда таңертең Атырауда «Авангард-3» ықшамауданында жергілікті тұрғын даладан орамалға оралған шақалақты тауып алды. Бала ауыр жағдайда ауруханаға түсіп, қазір оның беті бері қараған. Қыз балаға оны аман алып қалған дәрігердің есімі берілді.