23 қаңтардан бастап зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға өтінімдер қабылдайтын сайт іске қосылмақ
Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үйге қатысты зейнетақы жинағын алу ережесін жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Енді қордағы қаржыны мына мақсаттарда пайдалануға болады:
Сату-сатып алу, жекешелендіру, бөліп төлеу, үйді ауыстыру, үй құрылысына үлестік қатысу туралы жасалған келісім-шарттар бойынша толық есеп айырысуға;
сатып алынған жерге жеке үй салуға;
ипотекаға алынған үйдің бастапқы жарнасын төлеуге;
ипотекаға алынған үйдің қарызын ішінара немесе толықтай өтеуге не қайта қаржыландыруға;
ислам банктері арқылы үй алуға;
сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға алынған үйдің берешегін ішінара немесе толық жабуға қолдануға рұқсат.
Бірақ жұбайынан немесе туысынан жылжымайтын мүлік сатып алу үшін біржолғы зейнетақы төлемін қолдануға жол берілмейді. Сонымен қатар төлемді пайдаланғаннан кейін мүлікті бес жыл бойы сатуға болмайды. Егер мүлік сатылса онда төлемді қайтаруға тура келеді. Бұдан бөлек зейнетақы ақшасын алуға құқылы азамат жұбайы немесе жақын туыстары арқылы алатын болса онда тараптар келісім-шарт жасасуы керек. Сондай-ақ жеке меншігінде үйі бар азаматтар зейнетақы төлемдерін алып пайдалана алады.
Айта кетейік, 23 қаңтардан бастап зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға өтінімдер қабылдайтын сайт іске қосылмақ.