Соңғы 5 жылда қызметтік борышын орындау барысында 158 медицина қызметкері зардап шеккен. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жергілікті атқарушы орган дерегінше, 2019-2023 жылдары аралығында қызметтік борышын орындау барысында 158 медицина қызметкері (2019 жылы — 5, 2020 жылы — 5, 2021 жылы — 10, 2022 жылы — 46, 2023 жылы — 80) зардап шекті. Медицина қызметкерлеріне күш көрсетілген жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының жалпы ережелері қолданылады», — деді Үкімет басшысының орынбасары жауабында.
Оның атап өтуінше, медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту, сондай-ақ олардың кәсіби міндеттерін құрметтеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметкерлерге қызметтік борышын орындау барысында оларға күш көрсетілгені үшін қылмыстық жауапкершілік бөлігінде Қылмыстық кодекске түзетулер енгізуге бастамашылық жасады.
«Дайындалған заңнамалық түзетулер бас прокуратура жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының (ҰҚК, ішкі істер, денсаулық сақтау, әділет, қорғаныс министрлігі, төтенше жағдайлар министрліктерінің қатысуымен) отырысында талқылауға белгіленген тәртіпте ұсынылады», — деді Тамара Дүйсенова.
Оқи отырыңыз: ШҚО-дағы кәсіпорындардың бірінде жұмысшы қайтыс болды