Есіл көпірін салған 100-ден астам жұмысшы 6 айдан бері жалақысыз жүр

Есіл көпірін салған 100-ден астам жұмысшы 6 айдан бері жалақысыз жүр
Жұмыс берушілердің есеп-шоттары бұғатталып тұрғандықтан, құрылысшыларға ақша аудара алмай отырса керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада Есілдің үстінен көпір салып жатқан құрылысшылар тағы шу шығарды, деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.

Жиналған халықтың айтуларынша, бұған дейін наразылық білдіргенде жалақысын жырымдап алған олар содан бері бір тиын көрмеген. Вахталық әдіспен жұмыс істегендер Шымкент, Алматы, Қазалы, Қызылорда секілді еліміздің түкпір-түкпірінен ақшасын даулау үшін қайта жиналған. Өйткені, жүргізуші, дәнекерлеуші, слесарь секілді жұмысшылардың бірде-бірі қаңтардан бері жалақы алмапты.

«Жалақымды 7-8 ай алған жоқпын – 800 мың. Менің кемпірім мүгедек. Оған дәрі-дәрмекке ақша керек. Бала-шағам, немерем бар. Ауылда тұрамын», – дейді жұмысшы Бақберген Медетбеков. «Ешқайда да кетпейміз» деген жұмысшылар кешеден бері құрылыс басында уақытша салынған жатақанада жатыр. Мұндағы бөлмелер өте суық. Төсектен басқа ештеңе жоқ. Тіпті кейбірінде қарапайым төсеніш те жоқ екен.  

«Мердігер Еңбек кодексін бұзып отыр. Тиісті тексерулер жүргізіліп, оларға қыркүйектің 20-сына дейін жұмысшылар алдындағы қарызын төлеуге уақыт берілді. Айтуларынша, олардың барлық есеп-шоты бұғатталып тұр. Сондықтан құрылысшыларға ақша аудару уақытша мүмкін болмай тұр», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық орта сапасын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Смағұлов.  

Айта кетерлігі, жұмысшыларын тақырға отырғызған компания Алматы облысында орналасқан. Сондықтан жергілікті Еңбек инспекциясы енді олардың шоттарын бұғаттан шешіп, жұмысшыларына ақша аударуын қадағалауы тиіс. Сондықтан жалақыны тағы біраз күтуге тура келетін сияқты.


Новости партнеров