Қазақстандықтарға жаңа SMS-хабарламалар жіберіле бастады

21.10.2022 16:23

Онда тұрғылықты мекенжайға тіркелу керектігі жазылған

twitter.com

ІІМ 21 қазаннан бастап тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға SMS-хабарламаларды жіберуді бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

"Eгер осындай SMS-хабарлама келіп түскен болса, онда ІІМ дерекқорында сіздің тіркелуіңіз туралы мәлімет жоқ. Сондықтан сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелу қажет. Мұндай хабарламаларды жіберудің мақсаты нақты тұратын жері бойынша тіркеусіз тұруға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан осал азаматтарға қосымша қаржылық жүктемені азайту (әкімшілік жауапкершілікке тартуды болдырмау үшін)", - делінген хабарламада.

Бүгінде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 10 күннен 1 айға дейін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік, 1 айдан аса уақытқа 7 айлық есептік көрсеткіш немесе 21 441 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған ("Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 492-бабы).

Қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметі "Электрондық үкімет" порталында қолжетімді. Өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңізді порталдағы "жеке кабинетте" (eGov.kz) немесе eGov mobile мобильді қосымшасында тексере аласыз.