Қазақстан ипотекалық несиеден рекорд жасады

Bnews.kz
Bnews.kz
Биылғы төрт айдың өзінде ғана ипотекалық несие 200 млрд теңгеден асып түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда ипотекалық ұйымдардың жұмысы жанданып келеді: компанияның қарыз қоржыны бірден 47 пайызға артқан. Төрт айдың ішінде ғана ипотекалық несие 200 млрд теңгеден асып, рекорд жаңартқан, деп хабарлайды inform.kz.

«Биылғы сәуір айының соңында ипотекалық ұйымдардың активтері былтырғымен салыстырғанда екі есе өсіп, 546,3 млрд теңгеге жеткен. Активтегі қарыз қоржынының үлесі 50,8 пайызға немесе 277,6 млрд теңгеге жетті. Бір жылдың ішінде сома 47,1 пайызға көтерілді. Мұндай өсімге 2018 жылдың маусым айында Қазақстанның ипотекалық нарығында «Баспана» ипотекалық ұйымының пайда болуы мұрындық болып отыр»,  делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта ипотекалық ұйымдар ел экономикасында қатысу үлесін арттырып келеді. Мәселен, ипотекалық ұйымдарға тиесілі активтердің үлесі ЖІӨ-нің 0,9 пайыздық көрсеткішіне теңескен. Бұл көрсеткіш бұрын 0,4 пайыздың маңайында сақталып тұрған еді. Соңғы жылдары ипотека нарығы айтарлықтай ауқымын кеңейтіп келеді. Бұл ретте жандандырушы фактор – тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалар екенін атап өту керек.

Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында ипотекалық несиелердің сомасы 200,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңінен қарағанда 55,7 пайызға (өткен жылы 128,6 млрд теңге) артқан.

Сәуір айының соңындағы жағдай бойынша ипотекалық несиелеу сомасы 1,4 трлн теңгеге жетіп, бір жылдың ішінде 24,8 пайыздық өсімді көрсеткен. 

Жалпы, 2018 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша, азаматтарға тұрғын үй құрылысы мен баспана сатып алу үшін банктер берген несиенің сомасы 525 млрд теңгені көрсеткен. Бұл сома алдыңғы жылдың көрсеткішінен 47,1 пайызға артып, ипотекалық несиелеу тарихындағы рекордты көрсетіп отыр.

Ипотека саласының осындай нәтижеге қол жеткізуі «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының да арқасы деуге болады. Бағдарлама бойынша қарыз - 2018 жылғы ипотекалық қарыз сомасының 7,4 пайыздық (39 млрд теңге) үлесіне ие. 2019 жылдың алғашқы тоқсанында «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілген ипотекалық қарыз үлесі жалпы ипотекалық несиелеу мөлшерінің 7,4 пайызына тең болып отыр.  

Новости партнеров