Жаңа нормаға сәйкес саяси 30 пайыз мөлшері әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдарды қамтуы тиіс
Келер жылдың бірінші айының алғашқы онкүндігінде өтетін Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауына кандидаттарды ұсыну бүгіннен басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Абай заманында: «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап» дейтін кез келді. Өйткені, еліміздің жоғары заң шығарушы органында өз өкілінің болуын қалаған ресми тіркеудегі «Ауыл», «Бірлік» («Адал») партиялары, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы әр кандидаты үшін 640 мың теңгеге жуық қаржы шығындайтын болады. Айта кетерлігі, бұған дейінгі сайлауда 7 пайыздан жоғары дауыс жинаған «Ақ жол» партиясы, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы және «Nur Otan» партиясы әр кандидатына жарна төлеуден босатылады.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың түсіндіруінше, кезекті сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын ұсыну 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 30 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 18-де, ал мәслихаттар депутаттарын ұсыну 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 4 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18-де аяқталады.
«Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы – яғни съезд мүшелері жалпы санының көпшілік дауысымен жүргізіледі. Тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністі мәслихат депутаты етіп сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы – яғни конференция мүшелері жалпы санының көпшілік дауысымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшесі болып табылмайтын адамдарды енгізуге құқығы жоқ», – деді Константин Петров.
Сондай-ақ, жаңа нормаға сәйкес саяси партия Парламент Мәжілісінің, мәслихаттың депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіту кезінде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде 30 пайыз мөлшері әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдарды қамтуы тиіс.
Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі Орталық сайлау комиссиясына ұсынылады. Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың Конституцияда және конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады. Осыған байланысты көрсетілген құжаттар келіп түскеннен кейін дереу уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберіледі.
«Бір саяси партиядан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың оған енгізілген адамдар саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санынан отыз пайызға аспайтын бір ғана тізімін тіркеуге жол беріледі. Партиялық тізімдерді тіркеу 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады»,– деді ол.
Мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі тиісті аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылады. Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы (облыстық, қалалық, аудандық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары) партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың Конституция мен Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.
Саяси партиялар арасында депутаттық мандат қалай бөлінеді?
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы ҚР Конституциялық заңының 97-1-бабына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санының 7 және одан да көп пайызын алған әрбір партиялық тізім үшін біртұтас жалпыұлттық округтің аумағы бойынша берілген сайлаушылар дауысының жиынтығын есептеп шығарады. Жеті пайыздық кедергіден өткен саяси партияны жақтап дауыс берген сайлаушылар дауысының жиынтығы бөлінетін депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау жеке саны (квота) болып табылады. Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 7 пайызын тек қана бір саяси партия алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге көрсетілген саяси партияның тізімі, сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының келесі көп санын жинаған партиялардың партиялық тізімі жіберіледі. Екі саяси партияға берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы бөлінетін депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау жеке саны (квота) болып табылады.
Депутаттық мандаттарды бөлуге қатысқан әрбір партиялық тізім алған дауыстардың саны алғашқы сайлау жеке санына бөлінеді. Жеті пайыздық кедергіні еңсермеген және мандаттарды бөлуге қатысқан партиялардың тізімімен алынған дауыстардың саны алғашқы сайлау жеке санына бөлінеді және 0,7 түзету коэффициентіне көбейтіледі. Санды бөлу нәтижесінде алынған тұтас бөлік партиялық тізім құрған тиісті саяси партия алатын депутаттық мандаттар саны болып табылады. Жеті пайыздық кедергіні еңсермеген және мандаттарды бөлуге қатысқан саяси партия кемінде екі мандат алады.
Бөлінбеген мандаттар қалса, оларды қайта бөлу жүргізіледі. Бөлінбеген мандаттар дауыс беру қорытындысы бойынша жеті пайыздық кедергіні еңсерген партиялық тізімге беріледі. Депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін партиялық тізімге енгізілген кандидаттар арасынан сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап 10 күннен кешіктірмей айқындайды. Белгіленген мерзімдерде саяси партияның басшы органы алынған депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін айқындамаған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен партия алған депутаттық мандаттарды бөлу мемлекеттік тілдің әліпбилік ретімен тіркелген тізімдерге сай жүзеге асырылады.
Депутат мерзімінен бұрын шығып қалған жағдайда, оның мандаты Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен саяси партияның тізіміне енгізілген кандидаттар арасынан саяси партияның басшы органы айқындайтын келесі кандидатқа беріледі. Тиісті партиялық тізімде кандидаттар қалмаған жағдайда Мәжіліс депутаттарының келесі сайлауына дейін мандат бос қалады. Саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтініш және саяси партияның басшы органы отырысының хаттамасынан үзінді көшірме бере отырып, кандидаттардың партиялық тізімдегі кезектілігін өзгертуге құқылы.