Елімізде зейнетақыны құрметті еңбек демалысына шықпай жатып пайдаға жаратуға болады. Мәселен, зейнетақы жинағына тұрғын үй мен білім алу мүмкіндігі берілмек. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал келесі жылдан бастап, жыл сайын 10 мың көпбалалы отбасы баспанамен қамтылады, деді Президент.
Жыл соңына дейін еліміздегі 6 мың отбасы 2 пайыздық ипотека арқылы баспаналы болмақ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтты. Елбасының бастамасымен биыл іске қосылған «Бақытты отбасы» атты жаңа бағдарламасында басымдық, бірінші кезекте аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен мүгедек бала асыраушы жанұяларға беріледі.
«Қолдау тек шынымен мұқтаж адамдарға көрсетілуі тиіс. Үкіметке алдағы 3 жылда кезекте тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін шешуді тапсырамын. Қазір олардың саны 30 мыңға жуықтайды. Табысы жоқ азаматтарға жеке баспана сатып алу үшін әлеуметтік аренда шарты бойынша мүмкіндік беру қажет. Бұл мақсатқа 2022 жылға қарай 240 млрд теңге қарастырылған», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Мемлекет басшысы азаматтық қоғам қалыптастырып, оны өзекті деген түйткілдерді шешуге араластыру қажет дегенді ерекше айтты. Мәселелер жабулы қазан күйінде қалмай, талқылануы тиіс. Шенеуніктер мен қарапайым бұқараның арасында диалог болуы шарт. Ал халқына жақын болмаған атқамінерлердің жұмысына енді шағымдануға болады. Президент әкімдердің тиімділігін ел тұрғындары бағалайтынын жеткізді.
«Пилоттық жоба ретінде жергілікті билік қызметінің тиімділігін халыққа бағалату жобасын енгізуге болады. Мәселен, егер сауалнама немесе онлайн дауыс беру нәтижесінде халықтың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімі тиімсіз жұмыс істеді деп санайтын болса, бұл Президент Әкімшілігіне туындаған мәселені зерттеп, тиісті ұсынымдар беру үшін арнайы комиссия құруға негіз болмақ», – деді Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Тағы бір айта кететіні, бұдан былай елімізде бейбіт митингтерге еркіндік берілмек. Оларды өткізуге тіпті қаражат бөлінеді. Арнайы орындар белгіленеді. Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы, сондай-ақ бірқатар ауыр қылмыс түріне жазаны қатаңдатуды тапсырды. Айтуынша, заңнаманы гуманизациялаудың салдарын азаматтардың құқығы еленбеуде.
«Жедел түрде сексуалдық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, педофилияға, есірткі тасымалдауға, адам саудалауға, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, тұлғаға әсіресе балаларға қарсы жасалатын өзге де ауыр қылмыстарға жазаны қатаңдату қажет. Бұл менің Парламент пен Үкіметке тапсырмам!», – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде тыйылмай тұрған браконьерлерге қарсы заңды да күшейтуді тапсырды. Жуырда болған қайғылы оқиғаларды атап өтті. Тек биылдың өзінде жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі екі инспектор мерт болған еді. Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін толыққанды реформалау қажеттілігіне де ерекше тоқталды. Полиция азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет көрсететін орғанға айналуы қажет дегенді алға тартты. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы 3 жылдың ішінде 173 миллиард теңге бағытталады. Қаржы жалақыны арттырып, баспана жалдауға, заманауи фронт-кеңестерін құруға жұмсалмақ.
«Президент жалпы азаматтық диалогты, қоғамдық диалогты, саяси бәсекелестікті, көппартиялық жүйені дамытуды ең басты басымдықтар ретінде көретіндігін анық көрсетті. Сондықтан меніңше, жолдауда бүгін азаматтарды, қоғамды толғандыратын, мазалайтын көптеген өзекті сұрақтарға нақты жауап берілді. Екінші жағынан Үкіметке, жергілікті орталық атқарушы билік органдарына, Парламентке, сонымен қатар, алдағы орта мерзімде атқарылатын жұмыстардың нақты бағыттары анықталды», – деді Президенттің кеңесшісі Ерлан ҚАРИН.
Президент бес пайыздық зейнетақы аударымдарын енгізу мәселесін 2023 жылға дейін қалдырғанын атап өту керек. Бұдан бөлек, Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтарын баспана алуға жұмсауын реттеуді тапсырды. Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейтінін баса айтты. Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз қажет. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс, деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.