Елімізде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі.Бұл туралы Қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаев Мәжіліс депутаттарына жаңа заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіру бойынша ең алдымен рәсімдерді оңайлату мақсатында негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі. Бұл сатып алу рәсімін 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Ал бүгінгі күні конкурстың орташа ұзақтығы 2 айға барады екен.
«Бірінші кезеңде белгіленген талаптарға сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілер іріктеліп, олармен негіздемелік келісім жасалады. Екінші кезеңде тапсырыс берушілер негіздемелік келісім жасалған әлеуетті өнім берушілерге тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алуға өтінімдер жібереді. Шарт ең жақсы ұсыныстармен жасалады», – деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Руслан БЕКЕТАЕВ.
Бұдан бөлек, бір терезеден мемлекеттік сатып алу саны қысқартылады. Вице-министр заң жобасы түзетулердің 3 негізгі блоктан тұратынын айтты.