Түркістан облысында ағайынды екі жігіт суға батып кеткен 10 жастағы баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Оқыс оқиға Түркістан облысы Арыс ауданы Ақдала ауылында болған. Түс мезгілінде төрт кішкентай бала суға шомылып, кенеттен бірі батып кеткен.
"Ағамның үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан едік. Бір кезде үйге кішкентай бала көмек сұрап, жылап келді. Дереу жүгіре жөнелдім. Су жағасында тағы да екі кішкентай бала жүр. Пайымдауымша, баланың суға батып кеткеніне жиырма минуттай уақыт болған. Тездетіп суға сүңгіп, су астын сүзіп шықтым. Бірақ баланы көрген жоқпын. Ағамның 17 жастағы баласы да маған көмектесемін деп суға түсті. Түскен бойда: "Аға, мына жерде қол шығып тұрған сияқты" , - деді. Бала су астында бетонға қыстырылып қалыпты. Дереу тартып жағаға алып шықтық. Денесі көгеріп, ішіне су толып қалған. Жүрек соғысы да байқалмады. Көкірек тұсынан бастым. Кеудесінен 4-5 рет басқан соң бала шашалып, тыныс ала бастады. Інімді баланың жанына қалдырып, өзім ауылға қарай жүгірдім. Көлікпен баланы үйіне, сосын ауруханаға апардық", - дейді 25 жастағы Нұрғиса Жақсылық.
Он жасар баланы құтқарған 27 жастағы Нұрғиса Жақсылық Ақдала ауылында, ата-әжесінің қолында тұрады.
Оның інісі Әділет Жақсылық - Сабыр Рахымов атындағы әскери мектептің түлегі. Қос батырға риза болған көпшілік алғысын жаудырып жатыр.
"Адам боп туған соң басқаның да амандығын тілейсің ғой. Адамдар бұл дүниеге келген соң бір-біріне қол ұшын беруге міндетті", - дейді Нұрғиса.
Дереккөзі: ҚазҰУ