Астана атауын өзгерту: Азаматтардан құжаттарын ауыстыру талап етілмейді

16.09.2022 16:28

Қалалық мәслихат елорданың бұрынғы атауын қайтаруды талқылау кезінде қосымша шығындар болмайтынын мәлімдеген

lada.kz

ҚР Әділет министрі Қанат Мусин елорданың бұрынғы атауын қайтару азаматтарға құжаттарын шұғыл түрде ауыстыруды талап етпейтінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Астананың атауын өзгерту азаматтарға құқық белгілейтін құжаттарды ауыстыру жөніндегі міндетті жүктемейді. Бұрын алынған құжаттар елорданың жаңа атауы көрсетілген құжаттармен қатар заңды күшіне ие болады. Осы орайда азаматтарға құжаттарын шұғыл түрде ауыстыруының қажеті жоқ. Құжаттарда елорданың бұрынғы атауын көрсету олардың жарамсыздығына әкелмейді. Сондықтан қазіргі қолдарындағы құжаттарды пайдалануға болады», - деп түсіндірді Қ. Мусин ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында.

Оның айтуынша, қалалық мәслихат елорданың бұрынғы атауын қайтаруды талқылау кезінде қосымша шығындар болмайтынын мәлімдеген. Ғимараттардағы атауларды шұғыл түрде ауыстырудың ешқандай қажеті жоқ. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде атқарылады.

«Қазіргі кезде құжат айналым цифрлық форматта жүргізілгеннен кейін, бұл бағытта да қосымша шығындар болмайды», - деді министр.