2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 16 408 этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,5 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,7%) — Өзбекстаннан, 19,3% — Қытайдан, 10,9% — Моңғолиядан, 7,7% — Ресейден, 6,3% — Түрікменстаннан және 2,1% басқа елдерден.
Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны — 61,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші — 30,3%, зейнеткерлер — 8,5%.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,5% — жоғары білімді, 34,4% — орта кәсіби білімді, 41,5% — жалпы орта білімді, және 8,6% білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Сонымен қатар қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
2023 жылы өңірлерге қоныстандыруға арналған қандастарды қабылдау квотасы — 1 925 адам. 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 870 көшірілді.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады — бір мезгілде отағасына және отбасының әр мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге — бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
2023 жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды.
Пилоттық жоба шеңберінде елге келуге, жұмыс орнын табуға, тұрғын үй алуға мүмкіндік туралы мәселені шешуге болады.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Халық қатысатын бюджеттің» үздік жобалары үшін онлайн дауыс беру басталды