Көліктің тіркеу нөмірін медициналық бетпердемен жапқан жасөспірім ұсталды

Фото: polisia.kz
Фото: polisia.kz
Әкімшілік хаттама толтырылып, 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда автокөліктің мемлекеттік нөмірін медициналық бетпердемен жауып, айдап жүрген 16 жастағы жасөспірім анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сілтеме жасап.

4 қаңтар күні түнде патрульдік полиция қызметкерлері Владимирский-Луговой көшелерінің қиылысында мемлекеттік нөмірін медициналық бетпердемен жауып қойған «Тойота Камри» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде автокөлікті 16 жастағы жасөспірім тізгіндегені анықталып, автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігімен (Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару) әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Сондай-ақ жасөспірімге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 4-бөлігімен (Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны (жүргiзіп-үйренуден басқа) басқаруы) әкімшілік хаттама толтырылып, 29 170 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал жасөспірімнің ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігімен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы) әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту жасалды.

Новости партнеров