Айықпас дертке шалдыққан Анар Хамитова кез келген сәтте өмірімен қош айтысуы мүмкін. Түйткіл жайлы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі біледі. Алайда, ақ халаттылар ешқандай көмек бере алмай отыр. Ал, науқас келіншек жыл сайын ем-домына қажетті 8 миллон теңгені таба алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.
Анар Хамитованың арбаға танылғанына 16 жылдың жүзі болды. 13 жасында қызылшаға қарсы алған екпеден кейін жүре алмай, сал болып қалған. Айтуынша, дәрігерлер оған дер кезінде дұрыс диагноз қоя алмапты. Бойжеткен миастения, яғни бұлшық ет әлсіздігімен ауыратынын тек 2009 жылы білген. Бұрыс алынған емнің кесірінен дерт асқына түсіпті.
«Төрт сағат сайын ішпесем, сөйлей алмай, тіпті жұтына алмай қалам. Денем істемей қалады. Мойным салбырап қалады. Су да өтпейді тамағымнан, аузымнан кіріп, мұрнымнан шығады. Кейбір кезде ұйықтап қаламын. 5-6 сағат. Сонда таңертең денем істемей қалады. Уколмен тұрамын», – дейді Анар ХАМИТОВА.
Анар жылына екі мәрте, көктем мен күзде ем қабылдауы керек. Әйтпеген жағдайда өздігінен тыныстай алмай, тіпті өліп те кетуім мүмкін дейді. Алайда, өмір сүру үшін қажетті дәрісінің құны удай қымбат. Сондықтан бірінші топтағы мүгедек, амалсыздан далаға шығып өзі жасаған бұйымдарды сатады.
«Дәрі-дәрмектерім өте қымбат. Бір құтысы 150 мың теңгеден асады. Маған бір ем қабылдағанда 30 құты дәрі керек. Және жылына екі рет. Сол дәріні 2017 жылдан бастап алып тастады бізден», – дейді Анар ХАМИТОВА.
Науқасқа қажетті «Октагам» препараты Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 2017 жылы миастения дертімен ауыратындарға тегін медициналық дәрілердің қатарынан алынып тасталды. Сол себепті заң бұза алмаймыз емхана қызметкерлері. Бірақ науқасқа аталған препараттың ауадай қажет екенін емдеуші дәрігері жасырмайды.
«Енді иммуноглабулин негізі ол өмірлік маңызды. Анардың ауырғаны бірінші жыл емес. 10 жылдан бері миастения. 2017 жылға дейін «Октагамды» алып келген қыз. Соның әсері жақсы болғандықтан, қазір ол соған зәру», – деді Нұр-Сұлтан қаласы № 6 қалалық емхананың терапевт дәрігері Задаш ӘЛІБЕКОВА.
Ақ халаттылардың сөзінше, препарат басқа дәрімен алмастырылған. Алайда, науқасқа жақпапты. Сондықтан мәселені шешудің басқа амалдары қарастырылуда.
«Біз бұл науқастың ауыр жағдайын алға тартып, қала деңгейіндегі формулярлық комиссияға оған қажетті дәріні жергілікті бюджеттен сатып алу жайлы ұсыныс енгіздік», – деді Нұр-Сұлтан қаласы № 6 қалалық емхананың клиникалық фармакологы Жанар ТҰРСЫНОВА.
Егер комиссия ұсынысты қанағаттандырса, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл препаратты бәлкім сатып алар, дейді ақ желеңділер. Алайда комиссияның қолдау білдіріп, оң шешім шығаратыны әлі екіталай. Ал таразыда адам өмірі тұр. Бір өкініштісі, Анар сияқты елімізде 3 мыңға жуық адам бар. Олардың қатары күннен-күнге сиреп барады. Себебі дәрі-дәрмекті сатып алуға қауқарсыз.
Қайткенмен, «Октогам» препараты шаһардағы ауруханаларға жеткізіліп жатыр. «СК Фармация» кәсіпорнының өкілдері ол тек стационарлық емдегілерге тегін берілетінін айтады.
«Бүгінгі таңда «Октагам» препараты сатып алынып, стационарларға жеткізілуде. Медициналық ұйымдардан бас дәрігердің қолтаңбасымен келген өтінімдер бойынша жеткізіліп жатыр. Биыл аталған дәрі-дәрмекті сатып алу үшін 700 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды», – дейді «Ск Фармация» ЖШС баспасөз хатшысы Іңкәр МИРЬЯКУПОВА.
СК фармация өтінім келсе болғаны, жеткіземіз дейді. Ал емхана дәрігерлері заң аясынан шыға алмаймыз деп азар да безер. Ал, әбден күдерін үзген жанға көмек қолын созам деушілер үшін экранда шоты көрсетілген. Анар Хамитова, жылу берер жомарт жандар табылар деп үміттеніп отыр.