Жыл басынан бері самокатпен 7 мыңға жуық заң бұзу дерегі тіркелді
Алматы полицейлері самокатқа мініп, тәртіп бұзушыларды ұстайтын болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Енді полицейлерге ереже бұзған самокатшыларды қуып жету жеңіл болады. Ол үшін осындай тәсіл енгізілмек.
- Жаңашылдық тек сынақ түрінде және бір аймақта ғана енгізілді. Бірақ жақын арада осындай бірнеше мобильді топ пайда болып, олар қаланың барлық саябағы мен алаңын күзете алады, - делінген хабарламада.
Автокөлік жүргізушілері самокат пен мопедтердің көбі жол қозғалысы ережелерін мүлде сақтамайтындығына шағымданады: олар тоқтау сызығынан тыс жүреді, басып озады, жолды кесіп өтеді, сол жақ жолақтан оңға және керісінше бұрылады. Жаяу жүргіншілер де екі доңғалақты көліктерге наразы. Жол қауіпсіздігі сақталмайтындықтан, қағып кету фактілері жиі болады.
Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, кейде самокат жүргізушілері полициядан қашу үшін жаяу жүргіншілер жолын пайдаланады.
- Әрине, полиция көлігі тротуарға секірмейді. Кейбір жағдайда самокатшыны ұстауға инфрақұрылым мүмкіндік бермесе, полиция жаяу қуып жетеді. Біздің ойымызша, саябақ аймақтарында қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жаяу патрульдік полиция қызметкерлеріне самокат берілуі мүмкін, - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері оңтүстік астанада самокатпен 7 мыңға жуық заң бұзу дерегі тіркелген. Бірақ бұрын олар басқа жол қозғалысына қатысушылар сияқты жазаланса, енді қарапайым жүргізушілер сияқты жазаланады. 30 тамыздан бері 78 самокат әуесқойына айыппұл салынды. Сегіз айда қалада самокатқа қатысты 18 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бір жәбірленуші қаза тауып, 17 адам жарақат алды. Мопедшілердің жағдайы әлдеқайда нашар: 223 жол-көлік оқиғасы, екеуі қайтыс болды және 240 жарақат алды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы бұйрығымен Жол қозғалысы ережелеріне электрсамокаттар мен мопедтерді мінуге қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Осылайша, елде электрсамокат пен мопедтерге қойылатын талап күшейіп, жол қозғалысы ережелері жаңартылды.
Оқи отырыңыз:Әуезов ауданында автосуару жүйесі орнатылады