Астанада сол жағалаудағы элиталық үйлердің біріне қоңыз қаптап кеткен. Тұрғындардың бірі тіпті жалға алған пәтерінде қандала бар екенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Елорданың сол жағалауындағы Мәңгілік ел даңғылының бойында орын тепкен тұрғын үйден қандала шыққан.
Бірнеше ай бұрын ғана аталмыш пәтерге көшіп келген отбасы енді тағы да басқа пәтер қараймыз деп отыр.
«Қандала дегенді бұрын да еститінбіз. Бірақ мынадай элиталық үйден шығады деп үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген еді. Бастапқыда үйде қоңыз барын көрдік. Пәтер иелеріне айтып, тазарту жұмыстарын жасап, құтылғандай болдық. Енді өткенде ұлым мен екеуміздің денемізде қызарған іздер қалғанын, әлдененің шаққанын байқадық.
Алғашында қатты мән бермегенбіз, бірақ күн санап денеміз қышып, мазамыз қашты. Кейін ғана мұның қандала екенін білдік.
Соны пәтер иелері әу бастан-ақ айтса болатын еді ғой. Енді міне сандалып тағы көшкелі жатырмыз. Өкініштісі, өзіміздің көрпе-жастық, кейбір киім-кешектерімізге дейін бәрін лақтыратын болып жатырмыз. Қандала деген жаман ғой! Біздің дүние-мүлкімізге тарап кетсе, не істейміз?», - деп налыды ер адам.
Сонымен бірге, ол қандала әдетте тозығы жеткен ескі пәтерлерде болатынын мәлімдеді. Алайда, сол жағалаудағы элиталық тұрғын үй кешенінде қалайша қоңыз, қандала қаптағанын түсінбей отырмын дейді ол.
«Байлардың үйіне де қоңыз қаптайды екен. Пәтер иесі өте ауқатты адам. Тек Астананың өзінде он шақты пәтері бар екен. Әрине, сырттан жамандағаным емес, бірақ мұндай элиталық үйде, осындай ауқатты жандардың пәтеріне қандала қаптайды деп ойламаппыз. Осылай пәтер жалдаушылар әкелетін шығар, қайдан білейік? Бастысы жаңа пәтер қарап жатырмыз, осы демалыс күндері көшеміз», - дейді күйінген азамат.