Өкінемін: Сотталушы Құдайбергенов Денис Теннің ата-анасынан кешірім сұрады

Өкінемін: Сотталушы Құдайбергенов Денис Теннің ата-анасынан кешірім сұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Денис Тенді өлтірді деп айыпталғандар барша қазақстандықтардан кешірім сұрады. Сотталушылар жасаған қылмыстарына енді өкініп, бармақ тістеп отыр. Тіпті, спортшының ата-анасынан жылап тұрып ғафу өтінді. Мәнерлеп сырғанаушының өліміне қатысты өткен кезекті сот отырысында күдіктілер не себепті мұндай жантүршігерлік қылмысқа барғандарын түсіндіріп берді.

«Мен біріншіден Денистің ата-анасынан кешірім сұрағым келеді және де барша қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Кісі өлтіру біздің ойымызда болмаған. Менің басты мақсатым – ақша табу еді. Бұрын сотты болғандықтан еш жерге жұмысқа алмады», – деді сотталушы Арман ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.

«Адам өліміне еш қатысымыз жоқ, тек айна ұрлап қалтамызды қампайтқымыз келді» деген Арман Құдайбергенов бүгін сотта әбден ақталды. Тіпті, көз жасына ерік беріп, әйгілі спортшының ата-анасынан жалбарына кешірім сұрады. Айтуынша, ол мұндай қылмысқа ақша таппай қиналғандықтан барған. Денис Теннің өліміне дейін айна ұрлауға қолын жаттықтырған Құдайбергенов қымбат көліктерді тонау туралы ұсынысын сыбайласына жеткізіпті. Қаржыдан қысылып жүрген Қиясов та бұл ойды құптай кетеді. Осылайша, екеуі шілденің 19-да Құрманғазы көшесінің бойындағы машиналардың айналарын шешіп әкетуге келіседі.

«Бірінші ақ автокөлікке бардық. Сол жағындағы айнасын шешіп алдым, одан кейін екінші айнаны шештім де, бұрылып тротуарға қарай өте берген кезімде Денис Тен келіп қалды. Ол: «Не істеп жатсың?» деді менің қолымдағы айнаны көріп, сөйтті де айнаға тап берді. Мен айнаны қолына ұстаттым да, қаша жөнелдім», – дейді сотталушы Арман ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.

Спортшы сұғанақты қуып жетіп, сазайын бермек болады. Тіпті, жағасына жармасып, төбесінен төпелепті. Бірақ Денис Тенге күші жетпеген Құдайбергенов белбеуін шешіп, оның өзін сабай бастаған. Осы кезде әрірек тұрған Қиясов сыбайласына көмекке келіп, санынан 2 рет пышақ сұққан екен. Сөйтіп мәнерлеп сырғанаушыны мертіктіріп, қарақшылар қашып кеткен.

Ал қылмысты біле тұра, құзырлы органға хабарламағаны үшін жауапқа тартылып жатқан Жанар Толыбаева мұның бірін де көрмедім деп ақталды. Айтуынша, Құдайбергенов пен Қиясовтың «осы машинадан бастаймыз» деген сөзін естіген соң, сол маңнан ізін суытқан.

«Маған Арман хабарласып, әлгі жігіттің қайтыс болғанын айтқан сәтте түнгі сағат 12 еді және мен қалада емес, Қапшағайда болдым. Одан кейін сол жігіттің нақты Денис Тен екенін және оны екеуі өлтіргенін білгенде түнгі сағат 1 жарым болатын», - деді сотталушы Жанар ТОЛЫБАЕВА.

Мұнан кейін Толыбаева құрсақтағы баласының әкесін, яғни Құдайбергеновті полицияға ұстап бергім келмеді деп шынын айтты. Тіпті, жантүршігерлік қылмыстан соң екеуінің бірауыздан «бір-бірімізді танымаймыз» деп келіскендерін мойындады. Ал асқазанының ауырғанын сылтауратқан үшінші сотталушы Нұралы Қиясов бүгін сотта жауап беруден бас тартты.

Естеріңізге сала кетсек, Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов «адам өлтіру», «ұрлық» және «қарақшылық» бабымен айыпталса, Жанар Толыбаева «қылмысты жасырғаны» үшін істі болып отыр.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы.


Новости партнеров