Қазіргі уақытта «Air Astana» әуе компаниясының Черногория астанасына рейстері Нұр-Сұлтан қаласынан сәрсенбі және сенбі күндері, Алматы қаласынан бейсенбі және жексенбі күндері орындалады
Қазақстан елшісі Төлежан Барлыбаев Қазақстаннан Черногорияға тікелей әуе рейстерінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Baq.kz-ге сілтеме жасап.
Рәсімде сөз сөйлеген Қазақстанның Черногориядағы, Хорватиядағы және Босния және Герцеговинадағы Елшісі Нұр-Сұлтан мен Подгорица арасында тікелей әуе қатынасын орнату екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға, туристік, іскерлік және мәдени алмасуларды кеңейтуге қызмет ететінін мәлімдеді. 2021 жылдың сәуірінде екеура консультациялар барысында қол қойылған 2021–2023 жылдарға арналған Қазақстан мен Черногория сыртқы саяси ведомствалары арасындағы ынтымақтастық бағдарламасының, сондай-ақ Черногория тарапының қазақстандықтар үшін визасыз режим (жыл сайын 15 сәуір мен 15 қазан аралығында) ұсыну туралы шешімінің маңыздылығы атап өтілді.
«Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 15 жыл толуына орай, Подгорицада 2021 жылдың 6 шілдесінде өткізілуі жоспарланған Қазақстанның Құрметті консулдығы кеңсесінің ашылуын жариялады. Мекеме Черногориядағы қазақстандық туристерге жедел қолдау көрсетеді, сондай-ақ туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға жәрдемдеседі. Оның өкілдігі черногориялық жағалауында – Будва қаласында да ашылады», – делінген ақпаратта.
Құрметті консулдық – өзі өкілдік ететін елдің мемлекеттік қызметінде тұрмай, сол елдің және оның азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қоса, бірақ визалар мен өзге де ресми құжаттарды беруді қоспағанда, өкілдік ететін мемлекеттің тапсырмасымен және болу елінің келісімімен ақысыз негізде кейбір консулдық міндеттерді атқаратын құрметті (штаттан тыс) консул басқаратын мекеме.
Қазіргі уақытта «Air Astana» әуе компаниясының Черногория астанасына рейстері Нұр-Сұлтан қаласынан сәрсенбі және сенбі күндері, Алматы қаласынан бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. 2021 жылдың 21 маусымынан бастап рейстер күн сайын Нұр-Сұлтаннан дүйсенбі және Алматыдан сейсенбі мен жұма күндері ұшып шығуларды қоса отырып орындалатын болады.