Қазақстанның басқа елдермен қарым-қатынасы бірлік пен татулыққа негізделуі керек. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қазақстанның басқа елдермен қарым-қатынасы да бірлікке, татулыққа және өзара тілектестікке негізделуі керек. Әсіресе көршілес, бауырлас елдермен болашағымызды бөле-жара қарамаймыз. Жақында Қырғыз Президенті Садыр Жапаров әлеуметтік желіде қазақ пен қырғыздың достығы туралы лебізін білдірді. Шын мәнінде, біз тамырлас, тағдырлас, бір туған жұртпыз. Қиындықты бірге еңсеріп, қуанышты бірге бөлісіп, қилы заманның бәрінен өтіп келеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұлы Абайдың «еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген сөзін мысалға келтіріп өтті.
«Мұхтар Әуезов «Манас» жырын идеологиялық тұрғыдан құтқаруға ерекше еңбек сіңірген. Молдақылыш пен Шыңғыс Айтматовқа өз бауырындай араша түскен. Бұл екі елдің ерекше жақындығын және жанашырлығын айқын көрсетеді. Шыңғыс Айтматов шығармаларындағы оқиғалар және кейіпкерлер қазақ жерімен тығыс байланысты. Алатаудың бөктерін қатар жайлаған егіз халық болашаққа бірге қадам баса береді. Мен бұған кәміл сенемін. Біз басқа да бауырлас елдермен, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты осындай деңгейде жалғастыруымыз керек», - деді Президент.