Елімізде күнбағыс майы қаншадан сатылып жатыр

elements.envato.com
elements.envato.com
Май өндіретін 54 шағын және ірі кәсіпорын жұмыс істейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Күнбағыс майы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тізіміне кіреді және оны әрбір адам тұтынатыны рас. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде өсімдік майы литрінің орташа бағасы 620 теңге, бұл былтырға қарағанда 21%-ға арзан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Сауда сөрелерінде отандық және импорттық өсімдік майының бірнеше түрі бар. Елімізде күнбағыс майын өндіретін 54 шағын және ірі кәсіпорын жұмыс істейді.

Energyprom.kz ресурсының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері елімізде 374 мың тоннадан астам өсімдік майы шығарылыпты, оның дені Шығыс Қазақстан облысында өндіріледі. Айта кетсек, бізде тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майы өндіріледі. Сонымен қатар, соңғы уақытта импорт көлемі қысқарған, ал өндіріс көбейген.

Ресми статистика бойынша бүгінде күнбағыс майының ең жоғары орташа бағасы Атырауда тіркелген, литрі 718 теңге, ал төмен баға Ақтөбеде тіркеліпті, литрі 550 теңге тұрады.

Айтпақшы, ақтөбелік тұрғындар бір бөтелке күнбағыс майын орта есеппен 450-650 теңгеге сатып алуға болатынын айтты. Қызылордада күнбағыс майы бағасы орташа алғанда 450-500 теңге. Дегенмен таңдау еркі тұтынушыда екенін айта кеткен жөн. Себебі супермаркеттерде қазақстандық және шетелдік күнбағыс майы қатар ұсынылады. Осы орайда импорттық майдың бөтелкесі 1 000 теңге және одан жоғары болуы мүмкін. Демек, тұтынушы отбасылық бюджетінің мүмкіндігі мен қалауына қарай таңдайды.

Айталық, Петропавл дүкендерінде бір бөтелке өсімдік майы 470-650 теңгеден сатылып жатыр. Талдықорғанда – 450-500 теңгеге, ал Қарағандыда бір литр майды орташа есеппен 500-700 теңгеге сатып алуға болады. Бірақ, статистика бойынша ең қымбат деген Атыраудың өзінде литрін 500-550 теңгеге күнбағыс майын табуға болады.

Одан ары Қостанайда күнбағыс майының литрі 540-800 теңге, Орал, Тараз және Қонаев қаласында 500-600 теңгеге, ал Жезқазғанда күнбағыс майын 500-800 теңгеден сатып жатыр. Өскеменде орташа алғанда сұйық майдың литрі 600 теңге, Семейде 620-660 теңгеден алуға болады. Ал Павлодар өңірінде литрін 600-650 теңгеге аласыз.

Сондай-ақ Көкшетау, Түркістан және Шымкентте бір бөтелке майдың орташа бағасы 600-700 теңгені құрайды. Ақтауда орташа баға 650 теңгеге тең. Алматының супермаркеттерінде өсімдік майының бөтелкесін орташа алғанда 450-690 теңгеге, ал Астана дүкендерінде күнбағыс майын 470-700 теңгеге сатып жатыр.

Новости партнеров