Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 11 жалпықалалық жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілді
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен бейнеконференцбайланыс режимінде кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі қалалық ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басты мақсат – биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жасалған талдау нәтижелері негізінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралардың тиімділігін одан әрі арттыру бойынша тиісті шара қабылдау.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 11 жалпықалалық жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырыстарында кәмелетке толмағандардың мүддесі үшін түрлі фактілер бойынша 247 материал қаралды. Кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде (22.00-ден кейін) және тұрғын үй-жайлардың сыртында (23.00-ден кейін) түнде заңды өкілдерінің еріп жүрмеуі үшін 4546 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 26 ата-анаға ата-ана құқығынан айыру түріндегі төтенше шара қолданылды, 252 ата-ана бала тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмаған 473 бала қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жатқызылды. Кәмелетке толмағандар полициясының мәліметінше, жалпы қала бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 2,6% төмендеген.
Отбасы қиын өмірлік жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға психологиялық қолдау көрсетуге ерекше назар аударылады.
Алматы қаласының аудандары тұрғысында жүргізілген жұмыстар мен заңсыз әрекеттер фактілері бойынша қабылданған шаралар туралы есептер тыңдалды.
Жұмысты жетілдіру бойынша айтылған ұсыныстардың ішінде – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері бойынша жобаларды іске асыруға үкіметтік емес ұйымдарды тарту. Әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров бірлесіп жұмыс істеу тетігін, оның ішінде қылмыстың алдын алу мәселесі бойынша ҮЕҰ үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру жолымен және мектеп психологтарына "қауіп-қатер тобындағы" тұлғаларды анықтаудың жаңа құралдарын енгізу бойынша әдістемелік және практикалық көмек көрсету және олармен жұмыс істеу тетігін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты қылмыстың алдын алу жөніндегі үйлестіру кеңесінің жұмыс аясын кеңейту мүмкіндігі қаралатын болады.