Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумының пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Президенті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл аталған іс-шара «Орталық Еуразия жаңа технологиялық платформа ретінде қалыптасуда» тақырыбында өтті.
"Сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемдегі өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдерге негізделеді. Осындай жағдайда Қазақстан өз алдына еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды.Бұл үшін берік негіз бар. Бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елден озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді.Қазақстан цифрландырудың дамыту векторын мазмұндық жағынан да, институционалдық тұрғысынан да нақты айқындағанын атап өткен жөн", - деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтерді тек мемлекеттік органдар ғана көрсетпейді.
"Бізде жеке сектормен қалыпты өзара іс-әрекет жолға қойылған. Атап айтқанда, Каспий, Халық, BI Group және басқа да компаниялар мемлекеттік қызметтерге өздерінің платформалары арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біздің азаматтарымыздан жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, оқу орнын бітіргені туралы дипломын, неке туралы куәлігін және тағы да 15 түрлі құжатты өзімен бірге алып жүруі және көрсетуі талап етілмейді.Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы заманауи және дамыған инфрақұрылымсыз ауылдық жерлерде цифрландыру ісін жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты.
"Сондықтан Қазақстан халықаралық дәліздер мен деректердің трансшекаралық ағынына сай келетін цифрлық инфрақұрылымды дәйекті түрде қалыптастырып келеді. Трафик шоғырланатын әлемдік орталықтарға қосылу үшін транскаспий учаскесінде әзербайжандық серіктестермен бірлескен жұмыстар басталды. Бұл жерде Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропа жөнінде сөз болып отыр", - деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ Президент IT нарыққа қажеттіліктің артқанын айтты.
"Адам – біздің басты байлығымыз екені сөзсіз.Екі жыл бұрын әлемдік ІТ нарыққа 30 миллион маман керек еді. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жетті. Ал 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш өсе береді. Сондықтан аталған салада кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары болады.Біз бұл сын-қатерді жақсы түсінеміз. Сондықтан 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау міндетін қойдық", - деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, осы биік мақсатқа қол жеткізу үшін бейінді университеттер өңірлік жоғарғы оқу орындарын қамқорлығына алды, грант арқылы оқыту кеңейіп, 12 жеке меншік IT-мектеп ашылды.
"Жуырда Нью-Йоркке жасаған сапарым аясында «Digital Nomads» IT қауымдастығындағы жас отандастарымызбен кездестім. Олар АҚШ, Еуропаның ірі компанияларында жұмыс істейді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті.Қазіргі таңда Қазақстанда да халықаралық деңгейдегі өнімдерді жасауға қабілетті талантты адамдар аз емес. Сондықтан Үкіметке келесі міндеттер қойылады: бір жағынан, жастар қай жерде жұмыс істесе де, оларға қолдау көрсету керек, ал екінші жағынан, оларды еліміздегі цифрландыру ісіне барынша араластыру қажет", - деп сөзін аяқтады Тоқаев.