«7-20-25»: Ерболат Досаев бағдарламаның аралық нәтижесін мәлім етті

12.03.2019 16:38

1 наурызда «7-20-25» бағдарламасы бойынша 114,1 млрд теңге сомаға 9 983 өтінім қабылданды

inform.kz

Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы аясында 5 816 өтінім мақұлданды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҰБ басшысының айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы 8 банк арқылы жүзеге асырылып жатыр. 1 наурызда 114,1 млрд теңге сомаға 9 983 өтінім қабылданды. 68 млрд теңге сомаға 5 816 өтінім мақұлданды. Банктер 4 566 өтінім бойынша 54,5 млрд теңге берді.

«Баспана» ипотекалық ұйымы 13 әкімдікпен бағдарлама бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау туралы меморандумдар жасасты. Ұлттық банк пен «Баспана» ИҰ белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуде. Бағдарламаны іске асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді», - деді Е. Досаев.

Сонымен қатар, ол 2019 жылғы қаңтарда банктердің активтері 0,1 пайызға азайып, 25,2 трлн теңге болғанын атап өтті.

«90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер несие портфелінің 8,1 пайызын құрады. Сақтандыру ұйымдарының активтері ағымдағы жылғы қаңтарда 1 080 млрд теңгеге дейін 3,0 пайызға өсті. Бұл ретте сақтандыру резервтері 5,6 пайызға  ұлғайып, 548 млрд теңге болды», - деді  Ұлттық банк төрағасы.