Қала тұрғындарының өмір сапасын көтеру жолында ең бірінші кезектегі мәселелерді шешу үшін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық инфрақұрылымды модернизациялауды қолға алды
Бүгін, 29 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы әкімінің баспасөз конференциясы өтуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ұйымдастырылған шараның алғысөзін Бақытжан Сағынтаев ең алдымен еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Орталық коммуникациялар қызметіне алғыс білдірді және барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтаудан бастады.
Алматы әкімі Б. Сағынтаев, 2023 жылы 23 шағынауданда тұратын 105 мың тұрғынның 100 пайыз ауыз сумен қамтылатынын айтты. Ал сумен жабдықтау және кәріз жұмыстары басталып кеткен.
«Біз қала бюджетін бұрын жарық жоқ көшелерге жарық орнатуға қайта бағыттадық. Бүгінгі күні осындай 208 көшеге сыртқы жарықты орнату жұмыстары аяқталды. Келесі жылы тағы 1176 көшеге жарық беріледі. Бұл жұмыс та 100% орындалатын болады», – деді әкім өз сөзінде.
Сондай-ақ Б.Сағынтаев аулаларды абаттандыруға да тоқталды.
«Алматыда барлығы 4048 аула бар, жылдың басынан 672 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Абаттандырылған аулалардың үлесі 55%-ға жетеді. 2020 жылдан бастап «Менің аулам» ауқымды бағдарламасын бастаймыз. Алдағы 2 жылда аулаларды абаттандыруды 100%-ға аяқтаймыз», – деді.