Орталық менталды ауытқуы бар жандарды коғамдық өмірге бейімдеуге арналған
Алматыда ерекше жандарға арналған алғашқы «өз бетімен өмір сүру» үйінің жұмыстары оң нәтиже беруде. Шетелдік тәжірибе негізіндегі менталды ауытқулары бар жандарды коғамдық өмірге бейімдейтін орталық - енді елімізде көбеймек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мүмкіндіктері шектеулі бұл жандар 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер санатына жатады. Ақыл есі кем, шизофрения, тұлғалық-психикалық аурулары диагнозы қойылған бұл жандар қоғамдық өмірден мүлдем алшақтап қалған. Денсаулықтарын жақсарту мақсатында оларға аулада спорттық алаң соғылып, жан дауаларын емдеу үшін уақытылы терапиялық жұмыстар жүргізіледі екен. Психолог маманның айтуынша, бұл жандардың жүректері жаралы, тек жанына ем табу арқылы, олардың тәнін де емдеуге мүмкіншілік тумақ.
«Бұл кісілердің жан жүрегі жаралы, өмірден көп қиындық көрген, отбасы жоқ – осының бәрі адам жанына әсер етеді, әрине. Сондықтан да бұларға сенімге кіріп, өзімнің жылы жүрегіммен оларды баурап алуға тырысамын. Бұл енді жалғыз менің де жұмысым емес», – деді өз бетімен өмір сүру үйінің психолог маманы Гүлжәмилә НҮСІПЖАНОВА.
Басына қанша қиыншылық түссе де, өмірде мойымаған жандарға білім беріп, тәртіпке үйрету көп уақытты қажет етіпті. Қазіргі уақытта олар үй шаруасын өздері атқарып, сүйікті істерімен де айналысуларына мүмкіндік туған. Басым бөлігі аспаздық, киім тігу, құрылыс, даяшы секілді жұмыстарға орналасып, көпшілікпен үйлесуді үйреніпті. Тіпті, үй маңында тігін цехын ашып, мүгедек жандарға арналған киімдер тігіп, тапсырыс қабылдайды екен.
Өз бетімен өмір сүруге арналған бұл орталықта қазіргі уақытта 15 ерекше жан тұрады. Олардың диагноздарының барлығы әр түрлі болғанымен, бәрі бір-бірімен тату-тәтті, бір отбасындай болып кеткен. Ал, ашылғанына үш жылдың жүзі болған бұл орталықтың басты мақсаты – менталды ауытқулары бар жандарды қоршаған ортаға бейімдеп, олардың жүректерінде үміт отын жағу.
Орталықтың көмегімен жұмыспен қамтылған қабілетті жандар уақытылы жалақыларын алып, өз беттерінше дүкендерге, көпшілік орталарға да шығу мүмкіндігіне қол жеткізген. Ал, қабілетсіз деп танылғандары жасаған жұмыстарына шәкіртақы алуда. Осындай қамқор үйдің тұрғыны Екатерина – интернаттағы өмірі мен қазіргі орталықтағы өмірін салыстыруға келмейтінін айтады.
«Менің бұл үйде тұрып жатқаныма екі жылдан асты. Киім жуатын жерде жұмыс жасап, еңбек демалысына да шықтым. Уақытылы айлық алып, өзіме жаратамын. Ұжыммен сау адамдар деңгейінде бірдей еңбектенемін. Маған осы үйдегі өмірім ұнайды. Өзіңді дамытуға мүмкіндік мол. Ал, интернатта тұрғанда біз қоғаммен байланысымызды жоғалтқан едік. Осы жерде біз көп нәрсені үйреніп, бір отбасы болдық», – дейді өз бетімен өмір сүру үйінің тұрғыны Екатерина ВОРОНИНА.
Тренинг кафеде даяшы болып жұмыс жасайтын Нэля да өзінің еңбекке қабілетсіз болғаны көптеген қиыншылықтар туғызатынын жасырмады. Сүйіктісімен заңды некеге тұра алмаса да, орталық басшылығының қолдауымен азаматтық некеге тұрып, дүркіретіп той жасағанын айтады. Мүмкіндігі шектеулі қос ғашық бір-біріне арқа сүйер болып, еш қамсыз бақытты ғұмыр кешуде. Тек, сот Нэляны «қабілетті» деп мойындаса, ол алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруды көздеп отыр.
«Алла бұйырса, осы жылы мен сот арқылы «қабілетті» деген анықтаманы алсам, азаматтық некедегі жарыммен АХАЖ бөлімінде заңды некеге тұрсам деймін. Мен жарымды алғаш 1993 жылы кездестіргенмін. Біз бір-бірімізге арқа сүйейміз. Ал, қазір «қабілетсіз» болғандықтан, тренер-кафеде аспаздың көмекшісімін», – деді алғашқы өз бетімен өмір сүру үйінің тұрғыны Нэля ЧЕРНЫШОВА.
Сондай-ақ, өз бетімен өмір сүруді игеріп жүргендер жәрдемақыларының 70 пайызы үйдегі керек-жараққа жаралса, қалған 15 мың теңге қаражаты өздерінің жинағына түсіп екен. Тіпті, олар үй алуға кезекке де тұрып үлгерген.
«Бұларды ең бірінші алған кезде біз №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан алдық. Олар 18 жыл, 15 жыл жаңағы интернатта тұрып келген. Қазір біз оларды ортаға бейімдеп, қызмет көрсетуге тәрбиеледік. Қазір барлығы жаппай тұрғын үймен қамтамасыз етілуі үшін кезекке қойылды», – деді алғашқы өз бетімен өмір сүру үйінің меңгерушісі Өміржан ӘБІЛҚАСЫМОВ.
Екі жылдық жұмыс нәтижиесінде мемлекет қамқорлығындағы бұл жандар қазір қоғамда тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етілуде. Осындай игі бастамалар еліміздің Орал, Қызылорда, Алматы облыстарында ашылмақ.
Аяулым Көлжігіт, Қобылан Әлдиебеков, «Алматы» телеарнасы.