Елордадағы 1 909 жетім баланың тағдыры не болып жатқаны белгісіз. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгінгі күні жетім балаларға, ата-ана қамқаорлығынсыз қалған балаларға қатысты үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Білім басқармасы және басқа да құзырлы мемлекеттік мекемелер тарапынан күнделікті, жүйелі түрде, көптеген жыл бойы үлкен жұмыс атқарылып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақта «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деген жақсы сөз бар. Бүгінгі күні шешімін табуды қажет ететін жеті мәселеге қысқаша тоқталып өтейін. Қазір елордада қанша жетім бала бар? Ресми түрде статистика мәліметі бар ма? Бұл мәселемен нақты қай мекеме айналысатыны туралы сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Өкінішке қарай, жетім балаларға қатысты ортақ база жоқ», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Ләззат Разбекова-Тілеуханова. Ол тұрғын үй басқармасы мәліметі негізінде 2 771 жетім бала тұрғын үй алу үшін кезекте тұрғанын айтты.
«Оның 1 933-і 18-23 жас аралығындағы жастар болса, оның 24-і жұмысқа орналасқан. Білім басқармасының мәліметі бойынша, 838 жетім бала білім басқармасының бақылауында. Оның 817-і жетімдер үйінде болса, 19-ы колледжге түскен, 2-еуі жоғары оқу орнына түскен. Ал қалған 1 909 жетім баланың тағдыры не болып жатқаны белгісіз. Осыған байланысты жетім балаларға арналған ортақ база құру туралы ұсыныс айтқым келеді. Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы 0-18 жас аралығындағы, ал Жастар саясаты басқармасы 18-29 жас аралығындағы жетімдерге арналған статистикалық база құрып, осы мәселені бақылауға алу қажет», –дейді ол.