Шымкентте итін көлігінің артына байлап қойып, сүйрелеген жүргізуші жазаланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шымкенттік полицейлер әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында белгісіз адамның қала көшелерінің бірінде Opel Astra автокөлігіне байланған итті сүйреп бара жатқан бейнежазбаға назар аударды.
«ҚПД Жедел басқару орталығының инспекторлары «Қорғау» қосымшасының көмегімен көліктің қозғалған орны мен жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол Түркістан облысының тұрғыны болып шықты», - делінген полиция хабарламасында.
Деректер әл-Фараби аудандық ПБ-ға жолданды.
«Ер адамның айтуынша, ол көшіп жатқан. Автокөліктің салонында итке орын болмағандықтан, оны көлікке байлауды ұйғарған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 407-2-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген хабарламада.
Жиналған материалдар мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберіледі. Ер адаммен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.