Арменияға Қазақстаннан бітімгерлер жіберу мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі 7kun.kz-ке сілтеме жасап.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің кулуарында журналистер министрден Қазақстан Арменияға бітімгершілік күштерін жібере ме деп сұрады. Мұхтар Тілеуберді «Әзірге мұндай мәселе қарастырылып жатқан жоқ» деп жауап берді.
Оның айтуынша, Қазақстан шекараны демаркациялау бойынша өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.
«Әзербайжан мен Армения арасындағы шекара делимитацияланбаған, демаркацияланбаған. Сол себепті шекараның бұзылғаны туралы айту қиын. Қазір басты міндет армян-әзербайжан шекарасын делимитациялау және демаркациялау бойынша бірлескен комиссияның жұмысын жандандыру керек. Қазақстан өз тәжірибесімен бөлісуге дайын», – деді министр.
Ол ҰҚШҰ бас хатшысы екі елдің шекарасына барып, жағдайды бақылап, мемлекет басшыларына хабар беретінін айтып өтті.
Айта кетейік, кеше Арменияға ҰҚШҰ бас хатшысы Станислав Засьтің басшылығымен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының миссиясын аттандыру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ миссия құрамына ҰҚШҰ Бірлескен штабының басшысы Анатолий Сидоров, ҰҚШҰ-ға мүше елдер өкілдері де енді. Олар екі ел шекарасында қалыптасқан жағдай туралы мемлекет басшыларына толыққанды баяндама жасайды.