|
05.10.2021 | 14:16
18069

28 жыл бұрын қоқыстан табылған офицер анасын іздейді

Бұл туралы белгілі журналист Гүлмира Әбіқай өзінің желідегі парақшасында жазды

28 жыл бұрын қоқыстан табылған офицер анасын іздейді коллаж Almaty.tv

28 жыл бұрын қоқыстан табылған офицер анасын іздейді. Бұл туралы белгілі журналист Гүлмира Әбіқай өзінің желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv. 28 жастағы офицер Атырау облысы Индер ауданындағы болған жантүршігерлік оқиғадан кейін анасын іздеп, журналистке хат жазған.

«Гүлмира ханым, сәлеметсіз бе? Миллион оқырман мен хаттың арасынан менің жазғанымды оқуыңызды Алладан сұрадым.

Бүгін Атыраудың Индер ауданында 30 жасар әйел шаранасын туып, дәретханаға лақтырып кетіпті. Нәрестенің көрер күні бар екен, денесі жаурап қалғанымен дәрігелер оның өмірі үшін күресіп жатыр.

Көп адам осындай дәретханаға тастаған, қоқысқа лақтырған балалардың өмірі ары қарай не болады деп ойлайтын шығар?! Соның бірі мен өзіммін…

28 жыл бұрын Орал қаласында мені туған анам қоқысқа лақтырып кетіпті. Көп ұзамай сол жерден өтіп бара жатқан жақсы адамдар қыңсылаған даусымды естіп тауып алып ауылға әкепті. Ол кезде полицияға айту, құжат рәсімдеу жоқ болса керек мені 13 жыл бала көтермеген көршілерінің етегіне салыпты. Сол кісілерді анам-әкем деп өстім. Тәубә, еш нәрседен тарықпадым, адам болдым, оқыдым, өстім. Асырап алған ата-анам өмірден өтті. Сол кезде баяғыда мені тауып алған көршілерім ақиқатты айтып, қолыма бирка табыстады: «Исмагулова Роза 01.05.1993, мальчик» деп жазылыпты. Қазір өзім үйлендім, 3 балам бар, әскери офицермін. Дегенмен туған анаға деген сағыныш, оны табу , бір көру арманым! Оны Сіз орындайтыныңызға сенемін, анама еш өкпем жоқ, тірі болса көргім келеді. Балаларым тегін білсе деймін, бар арманым туған анамды бір көру», – деп жазған хатында.

Қазір уақытта журналист бір кездері анасы қоқысқа тастап кеткен офицердің арманын орындау үшін іздеу шараларын бастап кеткен. Ол желідегі оқырмандарынан көмек сұрады.

«Орал қаласында перзентхана көп емес шығар. Мұрағат пен полицияға сұрау салдық. Бәлкім, менің Батыстағы оқырмандарым органнан жылдам шығар?! Бір азаматтың арманын орындауға атсалысайық, ағайын!»  – деп жазады журналист.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир