Шымкентте баға қою үшін студенттерден ақша сұраған оқытушылар жұмыстан қуылды

29.05.2019 16:44

Сұрау салынған 9 университеттің 1700-ден астам студенті мен оқытушылары ондай әрекеттің барын растаған

Шымкентте «Адалдық алаңы» кеңселік жобасы мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жоғары оқу орнындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша екі жақты келісімге келді, деп хабарлайды otyrar.kz.

Себебі шаһардағы бірнеше университетте жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа ұстаздар қауымы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бергені анықталған. Осыған орай еліміздегі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қалалық департаменті бастамасымен жоғары оқу орнында бірнеше шара өткен болатын.

«Адалдық алаңы» жобасының жастары саналы ұрпақтан жасырын түрдегі анкеталар алып, бірнеше дәйектерге куә болыпты. Сұрау салынған 9 университеттің 1700-ден астам студенті мен оқытушылар құрамы жымысқы әрекеттер барын растаған. Олардың айтуынша, кейбір ұстаздар шәкіртіне тәуір баға қою үшін қаржылай сый-сияпаттар сұраған.

Ал 9 оқытушы кеңсе қағазы мен кейбір оқыту құралын алып беруін ашық айтқан. Олардың бұл заңсыз әрекеттері анықталып, 4 мұғалім жұмыстан босатылып, бесеуіне сөгіс беріліпті.

«Бізде мұндай анонимді анкета жиі жүргізіліп отырады. Осы арқылы тиісті шара қолданамыз. Ашық түрде жиындар өткіземіз. Студенттерге қоғамдық бақылауды күшейтеміз. «Адалдық алаңы» жобасы – ашық алаң. Университет қабырғасындағы кез келген студент мұнда өз шағымын жеткізуге құқылы», - деді «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ерасыл Төлебаев.