Алматыда көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушілерді анықтайтын жүйе іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, көлік тізгініне отырған жүргізушілерді іздеудің жаңа технологиясы ПД Жедел басқару орталығында жұмыс істейді, сондай-ақ қалалық бейнебақылау жүйелеріне қосылған.
«Ел басшылығы, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде. Заң деңгейінде көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді бұл құқық бұзушылық үшін 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру, сондай-ақ 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Өкінішке орай, іс жүзінде сот жүргізуші куәлігінен айырған жүргізуші өзі үшін тиісті қорытынды жасамай, мас күйінде қайтадан рөлге отыратын жағдайлар жиі кездеседі. Ал мұндай қылмыстық немқұрайлылық қайғылы салдарға әкелуі мүмкін», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Осыған орай, Алматы полициясының алдыңғы қатардағы бөлімшелерінің жеке құрамы жол қозғалысына қатысушыларға нақты қауіп төндіретін бұзушыларды анықтауға және ұстауға жұмылдырылған. Полицияда іске қосылған жаңа қызмет көлік құралын бейнетіркеу жүйесі арқылы анықтағаннан кейін оны жедел ұстау және тоқтату үшін патрульдік жасақтарға деректерді беруге мүмкіндік береді.
«Жазаның бұлтартпас қағидасы туралы тағы бір еске салған жөн. Бүгінде полиция адами факторды жойып, тәртіп бұзушыларды анықтауға, олардың заңсыз әрекеттерін есепке алуға және жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйелермен қаруланған. Жыл басынан бері мың жарымнан астам жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін сотпен көлік айдау құқығынан айырылды, оның 245-і мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасады, тағы 168-і жүргізуші куәлігінен айырылған болса да, мас күйінде рөлге отырған», – деп түйіндеді Қанат Таймерденов.
Сонымен қатар Алматы қалалық ПД көлік кұралын басқару құқығынан айырыла отырып, көлікті айдау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.